19 июня, 2025
Бір пайызбен шаруаларға несие беріледі

Бір пайызбен шаруаларға несие беріледі

Облыстың оңтүстік өңірлерінде мал шаруашылығын дамыту мақсатында 1% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Бұл жөнінде Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов қалаға қарасты Қайыңды ауылдық округі мен Көктау, Аңғар ауылдарында халықпен кездесу барысында мәлімдеді.

«Мал басын көбейту үшін жұмыс жасау керек. Жақында өңірімізге келген Үкімет басшысының сапары барысында ауыл шаруашылығы министрі Торғай өңірінің тұрғындарына төмен пайызбен несие беру туралы ұсыныс жасады. Сол себепті, аталған бағдарламаға қатысуға ниетті азаматтар қазірден бастап қажетті құжаттарын жинақтап, кепілге қоятын мүліктерінің заңдастырылғанын тексеріп, дайындық жұмыстарын бастауы тиіс. Бұл – ауылда жұмыс істеймін, кәсібімді дамытамын деген жандар үшін үлкен мүмкіндік», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.

Қайыңды мен Көктау ауылдарының табиғи жағдайы мал өсіруге, әсіресе ұсақ малға өте қолайлы. Бұл елді мекендер кезінде мыңдаған отар қой өсіргенімен белгілі. Халықпен кездесулер барысында мал шаруашылығын жандандыру, әсіресе қой басын көбейтудің экономикалық тиімділігі ерекше атап өтілді. Бұл бағытта нақты қолдау мен ынталандыру шаралары жүзеге асса, ауыл шаруашылығының әлеуеті жаңа деңгейге көтерілуі әбден мүмкін.

Көктау ауылында ұсақ мал өсіру бағытында тың жобалар қолға алынуда. Ауыл әкімі Нұрболат Ғабиболлатұлының мәлімдеуінше, «ABAgro-kz» ЖШС асыл тұқымды қой өсіру және мал басын асылдандыру бойынша ауқымды жұмыстарды бастап кеткен.

       Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

            Арқалық қаласы.