Бір әннің тарихы

Бір әннің тарихы

Қостанайда Ерсайын Нарымбаев деген сазгер тұрады. Кезінде қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың бірнеше туындысына керемет әндер жазған. Сол уақыттағы тыңдарман қауым радионың қоңыр үні арқылы “Жанарсыз адам келеді”, “Алдыңнан терезеңнің жүріп өттім”, “Бір-ақ күн еді” әндерін ерекше әсермен тыңдай отырып, қосыла шырқаған болар.

“Бұрым туралы баллада”, “Ерте солған гүлдер” атты әндерін классикалық үлгіде жезтаңдай әншілер әлі күнге орындап келеді. Ұзынкөл ауданында туып-өскен талант иесі жуырда редакцияға келіп, жүрегін жарып шыққан төл туындысы “Ерте солған гүлдердің” шығу тарихынан азын-аулақ сыр шертті.

Ерсайын ағамыз бұйымтайын айтпас бұрын, қолындағы көне суретті көрсетті. Онда еліміздің әйгілі қызы, озат механизатор, кеңес одағына еңбегі сіңген қайраткер Кәмшат Дөненбаеваның  нағашы  жұрты бейнеленген. Ол кезде Ерсайын Нарымбаев үш жаста ғана екен.

“Суреттегі  кісі Хамит Сөмбаевпен аталарымыз бір туған. Кәмшат Дөненбаеваның шешесінің ағасы болып келеді. Ғажап өнерлі адам еді. Араға арандатушылар түсіп, үстінен НКВД-ға арыз жазған екен. Содан атамыз Сібірге ағаш кесуге он жылға жер аударылды. Соның алдында ғана үйленіп, артында қыз баласы мен жары қалыпты. Хабар-ошарсыз кеткесін елдің рұқсатымен жолдасы басқа кісімен тұрмыс құрады. Кейін елге оралып, тағы үйлі-баранды болды. Бұл  – сол аман-есен елге оралған кезде түсірілген сурет. Екінші отбасынан екі ұл, екі қыз баласы дүниеге келді. Өзі сондай тамаша кісі болатын, өнердегі ұстазым десем де болады”, – дейді Ерсайын Нарымбаев.

Сібірдің суығында ауыр күндерді басынан өткеріп, күнделікті ас-суы атқарған еңбегіне қарай үлестірілген уақыттарын еске ала бермейтін ақсақал өнердің қыр-сырын Ерсайын секілді ізбасарларына сіңіруден жалыққан жоқ. Бейнетінің зейнетін көріп,  жетпіс бес жасында өмірден озды.

Содан, уақыт өте келе белгілі ақын Жарасбай Нұрқанның “Ерте солған гүлдер” шығармасы жарияланады. Жыр жолдары Ақмоладағы “АЛЖИР”  лагері құрбандарының құрметіне жазылған. Авторын тауып алып, тамаша әннің өмірге келуі ағамыздың осы бір туынды арқылы аталас бауырына арнаған бір ескерткіші еді…Бұл әнге арнайы бейнебаян түсіріліп, белгілі опера әншісі, “Шабыт” фестивалінің лауреаты Азамат Жылтыркөзов нақышына келтіріп орындаған. Керемет туындының алғаш тыңдармандарының бірі, “АЛЖИР” мемориалды мұражайының аға ғылыми қызметкері Жанбота Тасболатұлының “АЛЖИР” қасіретін айшықтаған ән деп былайша баға бергені бар:

“Студияда әннің алғашқы әуені бірден жүрегімізді тебірентіп ала жөнелді. Фонограмманың кіріспесі өте күрделі, әуеннің тұнжыраған қою үні шылдырмақты іліп әкетіп, жаңғырып шыққан қара қобыздың шерлі де үрейлі дыбысы тұла бойымызды билеп, тылсым сезімге бөледі. Үнсіз тыңдап отырған бізді керемет бір сарын өзіне еліктіріп, тұла бойымыз әуен құшағында болды. Ғажайып, бұрын-соңды естіп көрмеген әуен бізді қатты толқытты, тебірентті. Қобыздың мұңды да зарлы үні құлағымыздан кетер емес”.

 

Айбек Ғалымұлы

Суретті түсірген Б.Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу