Жүз жыл бұрынғы мемлекетімізді құрып, шаңырағын көтерген үркердей үмітті топтың ішінде заңгер-ғалым, аудармашы, публицист, ірі мемлекет қайраткері Сейдәзім Қадырбайдың есімі айрықша. Алғашқы қазақ атты әскер полкын жасақтаған мыңбасы, ту ұстаған аға сардар, ұлттық армиямызды құрған азамат. Бір сөзбен айтқанда, ағартушы, ХХ ғасыр басындағы қазақтың аймаңдай ұлы – ұлттық бұлқыныс жылдарында отарлық билік езгісінде қалған жұртын қайтсем көгертем, қайтсем де оятамын деген ойдан басқа ойға алданбаған, ұлысына ақысыз-пұлсыз, жан-жүрегімен шынайы қызмет еткен, ұлтты сүюдің айрықша өнегесін көрсеткен байрақты бағлан арыс.
Сейдәзім Қадырбай қазақтың құқық, заң ілімінің қалыптасуына, дамуына үлес қосқан, қазақ тілін заң тіліне айналдырған тұлға. Асылында, Сейдәзім Қадырбай құқық терминдері мен ұғымдарын жүйелеген, түзген әрі сөздігін жасаған лингвист ғалым. Ол 1922 – 1929 жылдар аралығында Қазақ АКСР Әділет Халық Комиссариатының Заң шығару және сот ісін бақылау бөлімінде меңгеруші қызметін атқарды. Әр жылдары «Ақы заңы» (1926), «Жер заңы» (1927), «Нотариат туралы заң, ереже, нұсқаулар» (1928), «Ақылы істерді жүргізу заңы» (1930), «Неке, үй-іші және қамқорлық туралы заң» (1930) кітаптарын даярлап, терминдерін қазақыландырып, ұлтының кемдігін түгендеп, жыртығын жамаған болатын.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде Сейдәзім Құлмағамбетұлы Қадырбайдың құрметіне арналған «Алаш ардақтысы Сейдәзім Қадырбай: тұлғасы, мұрасы, қайраткерлігі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті. Айтулы жиынға отандық алаштанушы, тарихшы, заңгерлер, Парламент депутаттарымен қатар, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елінің ғалымдары шақырылған. Конференцияны ұйымдастыруға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қостанай облысының әкімдігі, Ахаң атындағы өңірлік университет, Әлихан Бөкейхан атындағы Алаш ғылыми-зерттеу институті мұрындық болып отыр.
Келелі жиында Алаш қайраткерінің «Ақы» Шығармалар жинағы мен «Бас» комикс форматындағы «Алаш заңгері» кітапшасының тұсауы кесілді. Түркі халықтарының 38 мемлекетіне тарап отырған түрік тіліндегі «Kardeş Kalemler» журналы бір жолғы санын толығымен Сейдәзім атамызға арнаған екен, арнайы таныстырылды. Сонымен қатар, «Сейдәзім Қадырбай» деректі фильмі көрсетілді.
«Жетпіс алты жыл үстемдік еткен кеңестік билік осы ұлттық трагедияны ұмыттырудың барлық айла-тәсілдерін қолданды. Репрессияға ұшырағандар өткен ғасырдың елуінші жылдарында заңды негізде ақтала бастаса да, бұл іске тиісті жариялылық берілмей, жеке іздеушілер мен отбасылық деңгейде бір жапырақ қағаз арқылы хабар берумен шектеліп жатты. Тіпті кейінгі тәуелсіздік жылдарында да қандай алқалы жиындарда алаш арыстары туралы сөз болғанда үш адамның атын ғана атап, басқаларын елеусіз қалдырудды машық етіп алдық. Бұл әдет біздің жүздеген жазушылардың ішінен үш классикті ғана атайтынымыз арқылы қалыптасқан ба деп ойлаймын. Республикамызда кең етек алған бұл келеңсіздік туралы мен өткен жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Ақкөлден шыққан алыптар» деген мақаламда да айтып өткен едім.
Сейдәзім Қадырбай мен оның соңынан ерген Әлмағамбет Қасымов та атылып кеткен кісілер. Бұл екі алашшыл аталарым туралы зерттеу мақалалары алғашқы рет жазушы-журналист Қайсар Әлім жазды. Ал Сейдәзім Қадырбай жөніндегі екінші мақаланы Гүлнәр Дулатова апамызға өтініш жасап, «Жұлдыз» журналына өзім шығартқыздым. Апамыздың бұл мақаласының түпнұсқасы мен өзіме жазған хаттарының үш-төртеуін көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін», – деді бүгінгі жиынға арнайы келген академик Сәбит Байзақов.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.