Жанкүйерлер мен спорт қауымдастығы қостанайлық спортшыларды құшақ жая қарсы алды. V Жазғы Азия Пара ойындарында ел намысын қорғаған Тұрсынай Қабыл халықаралық додада күміс жүлдеге ие болып, кезекті рет өзінің мықтылығын дәлелдеді. Енді спортшы алдағы әлем чемпионатына дайындықты жалғастырмақ.
Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өткен V Жазғы Азия Пара ойындары қазақстандық спортшылар үшін маңызды жарыстардың бірі болды. Құрлықтық додада Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Қостанай облысының екі өкілі – Фархат Мутунов пен Тұрсынай Қабыл пара пауэрлифтингтен сынға түсті.
Жарыс қорытындысында Тұрсынай Қабыл 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 104 келі салмақты бағындырып, күміс жүлдегер атанды. Бұл – спортшының табанды еңбегі мен жүйелі дайындығының нәтижесі. Бұған қоса, жарыс барысында ол өзінің нәтижесін жақсартып, алға қойған мақсаттарына бір қадам жақындай түсті.

Азия Пара ойындарына 45 елден 3000-ға жуық спортшы қатысып, 18 спорт түрі бойынша бақ сынады. Мұндай ауқымды додада жүлдегер атану — тек спортшының ғана емес, оны дайындаған жаттықтырушылар мен қолдау көрсеткен мамандардың да ортақ жетістігі.
Елге оралған спортшыны туған-туыстары, әріптестері, спорт клубының өкілдері және спорт саласының мамандары жылы ықыласпен қарсы алды. Жылы жүздесу мен ақжарма тілектер спортшы үшін жарыстан кейінгі ерекше сәттердің біріне айналды.
Тұрсынай Қабыл қарсы алу рәсімінде көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, жарысқа дайындық барысы туралы әңгімеледі.
– Мені спорт клубымның ұжымы, спорт басқармасының өкілдері, туған-туыстарым, әріптестерім және бүкіл спорт қауымдастығы қарсы алып жатыр. Баршаңызға осындай жылы қабылдау үшін алғыс айтамын. Бұл біз үшін күтпеген әрі өте жағымды кездесу болды, – деді спортшы.
Жарысқа дайындық өте қарқынды өткен. Жаттықтырушы таңдаған тактика мен жүйелі жаттығулар спорттық нәтижесін жақсартуға мүмкіндік берген.
– Біз бұл жарысқа өте көп дайындалдық. Жаттықтырушымыздың тактикасының арқасында жақсы дайындалып, нәтижемізді жақсарттық. Өз көрсеткішімді шамамен 20 келіге жақсарттым. Бұл – үлкен еңбек пен дайындықтың жемісі, – деді Тұрсынай Қабыл.

Спортшы алдыңғы Азия ойындары мен биылғы жарыстың ұйымдастырылу ерекшеліктеріне де тоқталды. Бұған дейінгі ойындарда барлық спортшылардың бір спорттық ауылда орналасуы өзара қарым-қатынас орнатуға және ойындардың ерекше атмосферасын сезінуге мүмкіндік бергенін айтты. Ал бұл жолы спорт түрлері бойынша қатысушылардың бөлек орналасуы жарыстың сипатын біршама өзгерткен.
Соған қарамастан, Тұрсынай жарысты жақсы әсермен аяқтағанын және алдағы мақсаттарына сеніммен қарайтынын жеткізді.
Азия Пара ойындарындағы жетістік спортшы үшін үлкен белес болғанымен, оның спорттық жолындағы жұмыс мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта Тұрсынай Қабыл әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Жарысқа дейінгі уақыттың аздығына қарамастан, команда демалысты ұзартпай, жаттығу жұмыстарына қайта кіріспек.
– Біз қазір демалып қалмаймыз. Алдымызда әлем чемпионаты тұр. Соған дайындықты жалғастырамыз. Одан кейінгі мақсаттарымызды жарыс нәтижесіне қарай айқындаймыз, – деді ол.
Спортшының бұл сөзі жоғары нәтижеге жетудің артында үздіксіз еңбек, тәртіп пен табандылық жатқанын тағы бір аңғартады. Халықаралық жарыстарда әрбір келесі белес бұрынғы жетістікті сақтап қана қоймай, оны одан әрі жақсартуды талап етеді.
Қарсы алу рәсімінде сөз сөйлеген ұлттық құрама өкілі спортшыларға қолдау білдірген жандарға алғысын жеткізіп, команданың алдағы мақсаттарымен бөлісті.
– Ең алдымен, елге аман-есен жеткенімізге қуаныштымыз. Бізді осындай жылы қарсы алып, қолдау көрсеткен, жанкүйер болған баршаңызға үлкен рақмет! Бұл біз үшін өте жағымды әрі күтпеген кездесу болды. Сіздердің қолдауларыңыз бізге ерекше күш береді, – деді ол.
Команданың нәтижесіне тоқталды. Халықаралық додада Қазақстан құрамасы 16 команданың арасында жетінші орынға ие болған. Ендігі мақсат – алдағы әлем чемпионаттарында жүлделі орындарға көтеріліп, ел мерейін үстем ету.
– Біз болашақ әлем чемпионаттарында жүлдегерлер қатарына қосылуға ұмтыламыз. Бұл – біздің мақсатымыз. Мен оған қол жеткізе алатынымызға сенемін. Әрқайсыңызға сәттілік, табыс және ең бастысы, мықты денсаулық тілеймін, – деді құрама өкілі.
Демек, команданың алдағы жарыстарға деген сенімі мен жауапкершілігі байқалады. Халықаралық аренадағы тәжірибе спортшыларға жаңа мүмкіндіктер ашып, келесі жарыстарға дайындықтың сапасын арттыруға негіз болады.
Пара спорттағы әрбір медаль – спортшының жеке табандылығымен қатар, жаттықтырушының кәсіби біліктілігіне, медициналық және ұйымдастырушылық қолдауға, сондай-ақ жақындарының сеніміне байланысты. Сондықтан Тұрсынай Қабылдың күміс жүлдесі Қостанай облысының спорт қауымдастығы үшін де маңызды жетістік саналады.
Спортшыны елге оралған сәтте құшақ жая қарсы алған жандардың ықыласы оның еңбегіне берілген баға іспетті. Мұндай қолдау пара спортшылардың жігерін жанып, алға қойған мақсаттарына нық қадам басуына ықпал етеді.
2026 жыл да спортшылар мен жаттықтырушылар үшін жаңа міндеттер мен үлкен үміттерге толы кезең болып отыр. Азия Пара ойындарындағы күміс медаль — қол жеткізілген жетістіктің ғана емес, алдағы жеңістерге бастайтын жолдың да белгісі.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Василий Васильев
