Өңірде ет пен сүт өндірісі ұлғайып, заманауи фермалар іске қосылып жатыр. Шаруаларға жеңілдетілген несие беру тетіктері де кеңейіп келеді. Сәйкесінше, саланың даму көрсеткіштері еселене түскен. Алдағы жоспарлар да ауқымды. Бұл туралы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлік Досмұхамедов баспасөз мәслихатында баяндады.
Мал шаруашылығы – қашаннан облыс экономикасының тірек салаларыны бірі. Оның дамуы ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге ғана емес, өнімді өңдеу және экспорт көлемін арттыруға да тікелей әсер етеді. Басқарма өкілі келтірген мәліметтерге сүйенсек, тоғыз айда облыста 53 мың тонна ет өндірілген. Бұл былтырғыдан 6,5 пайыз артық. Сүт өндірісі де ұлғайып, 200 мың тоннаға жеткен. Мал мен құс басы да көбейе түсіпті.
«1 қазандағы дерекке сүйенсек, облыстағы барлық санаттағы шаруашылықтарда 397,8 мың бас ірі қара тіркелді. Жылқы саны 185 мың, қой мен ешкі 464,9 мың, шошқа 71,5 мыңға жетті. Құс саны 3 млн деңгейінде сақталып отыр», — деп мәлім етті ол.
Ендігі міндет – өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту, шаруашылықтарды қолдау шараларымен қамтып, өнімділікті арттыру.
Сүт бұлағы селдеді
Мал шаруашылығын дамытуда заманауи сүт-тауар фермаларын салу маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Облыста бұл салаға маманданған 50-ге жуық шаруашылық жұмыс істейді. Жаңа фермалар салуға бағытталған инвестициялық жобалар да ауқымды. 2023 жылдан бері СҚО тәжірибесін қолдану бағдарламасы аясында 50,5 млрд теңге бөлінген. Оның 43,3 млрд теңгесі жылына 93 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы 16 сүт-тауар фермасына бағытталды.
«2024 жылы жалпы қуаты жылына 19 мың тонна сүт өндіретін үш ферма іске қосылды. Былтыр тағы төрт ферма пайдалануға беріліп, олардың жылдық өндірістік қуаты 27 мың тоннаға жетті. Биыл «ДК Максат KZ» ЖШС-нің жылына 4 мың тонна сүт өндіретін фермасы іске қосылды. Жобаға салынған инвестиция – 3,2 млрд теңге. Жыл соңына дейін жалпы қуаты жылына 26 мың тонна болатын тағы төрт ферма ашу жоспарланып отыр», — деді Ерлік Досмұхамедов.
Басқарма өкілінің айтуынша, келесі жылы да төрт жоба жүзеге асады. Олар жылына 16 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы болмақ. Қазір жобалар қаржыландырылып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған.
Ет бағытының ертеңі: инвестжоба мен экспорт
Өңірде ет бағытындағы ірі қара өсірумен әр деңгейлі 1 332 шаруашылық айналысады. Бүгінде өңірде 30 бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Биылғы бордақылау алаңдарына 13,6 мың ірі қара өткізілген.
«Былтыр ет бағытындағы мал шаруашылығында жалпы құны 1,4 млрд теңге болатын алты инвестжоба жүзеге асты. Олардың қатарында Қамысты ауданында жылқы шаруашылығын дамыту, Федоров ауданында 600 басқа арналған бордақылау алаңын салу және Қарабалық ауданында ет-сүйек ұнын өндіретін кәсіпорын құру жобалары бар.
Ал келесі жылы Амангелді ауданында 5 мың басқа арналған бордақылау алаңын салу жоспарланған. Жоба құны — 2,2 млрд теңге», – деді басқарма өкілі.
Бұл жоспарлар өңірде ет өндірісін дамытуға бағытталған жұмыстардың үздіксіз жалғасатынын көрсетеді. Ал инвестициялық жобалардың тиімділігі олардың уақытында іске қосылып, өндірістік қуатының еселенуіне байланысты болмақ.
Экспорт мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл облыстан 3 117,7 тонна ет шетел асқан. Оның 2 871 тоннасы сиыр еті болса, 246,7 тоннасы құс етіне тиесілі. «Терра» ЖШС өндірген сиыр еті Өзбекстан мен Тәжікстанға жөнелтіліпті. Ал «Жас қанат» ЖШС құс етін Ресейге экспорттаған.
«Саланың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, малдың тұқымдық сапасын жақсарту да зор маңызға ие. Осы мақсатта биылғы тоғыз айда облысқа Дания, Венгрия, Ресей және Германиядан сүт бағытындағы 1 461 бас асыл тұқымды ірі қара әкелінді», – деген ақпарат қосты спикер.
Оның айтуынша, асыл тұқымды мал сатып алу – жұмыстың бір бөлігі ғана. Нәтижеге қол жеткізу үшін малды жаңа жағдайға бейімдеу, дұрыс азықтандыру және күтіп-бағу талаптарын сақтау қажет.
Шаруаларға жеңілдік – өрістеуге кепілдік
Мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары жәрдемші. Биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 84,9 млрд теңге қарастырылып, оның 71 млрд теңгесі игерілген. Тікелей мал шаруашылығына 10,7 миллиард теңге бөлініпті. Оның жартысына жуығы кәдеге жарап үлгерді. Жыл соңына дейін қаражатты толық игеру көзделіп отыр.
Басқарма өкілі шаруаларға жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктері ұсынылғанын да мәлімдей өтті. 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламалары жүзеге асырылу үстінде.
«Игілік», «Береке» бағдарламалары бойынша асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен жеті жылға дейін несие беріледі. Біріншісі шағын және орта шаруашылықтарға бағытталса, екіншісі ірі шаруашылықтар мен инвестициялық жобаларды қолдауға арналған. Ал «Жайлау» бағдарламасы фермалар салуға және жайылымдық инфрақұрылымды дамытуға жол ашады. Бұл бағдарлама бойынша 6 пайызбен он жылға дейін несие беріледі», – деді Ерлік Досмұхамедов.
Қаржыландыруға қол жеткізудегі кепіл мәселесін жеңілдету үшін портфельдік кепілдік беру тетігі енгізілгенін айта кету керек. Шаруашылық 15 пайыз көлемінде кепіл ұсынады, ал қалған 85 пайызын «Даму» қоры міндетіне алады. Сонымен бірге қарыз алушының өз қаражаты есебінен 10 пайыздық бастапқы жарна енгізу талабы алынып тасталған.
Жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері де жемісін беріп келеді. Биыл «Тобыл» ӘКК-не шетелден 3 120 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алу үшін 5,8 млрд теңге болатын сегіз өтінім түскен. Оның ішінде 1 340 мал сатып алуға берілген үш өтінім мақұлдаудан өтті. Қазір осы жобаларды рәсімдеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Ендігі міндет – мақұлданған жобаларды қаржыландыруды уақытында аяқтап, сатып алынатын малдың шаруашылықтарға жеткізілуін қамтамасыз ету.
Мәселе мал басын көбейтуде ме?
Ерлік Досмұхамедов мал шаруашылығын дамытуда бірнеше бағытқа басымдық берілетінін мәлімдеді. Олардың қатарында өндіріс пен мал басы туралы деректердің нақтылығын қамтамасыз ету, инвестициялық жобалардың орындалуын бақылау, шаруалардың қаржыландыру тетіктеріне қолжетімділігін арттыру және мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты уақтылы жеткізу міндеттері бар. Сонымен бірге асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, жемшөп пен жайылымдық базаны нығайту, өнімді өңдеу және өткізу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері де өзекті.
Басқарма басшысының орынбасары атап өткендей, мал шаруашылығының дамуын мал басының көбеюімен ғана өлшеуге болмайды. Өнімділік, шаруашылықтардың тиімділігі, өнім сапасы және өндірістің тұрақты дамуы әлдеқайда маңызды.
Ж.Балғынбекұлы
