Ашық айта бастадық

Ашық айта бастадық

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы елдің рухын көтергені белгілі. Себебі, қазіргі кезде халық атқарушы билікпен тоқсан сайын кездесіп, өздерінің талап-тілектерін бүкпесіз ашық айтатын жағдайға жетті. Халық тарапынан айтылатын ұсыныс-пікірлер өте көп. Оны орындау жергілікті биліктің басты парызы деп ойлаймын. Түйіні түйдектелген мәселелердің оңтайлы шешілу жолдарын қарастырған жөн. Сөз бостандығы болған жерде ақиқат ашылып, шындық шыңға шығады.

Жуырда Жанкелдин аудандық мәслихатының депутаттары елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындардың талап-тілектерін тыңдадық. Халық тарапынан көтерілген мәселелер өте көп. Әсіресе, шешімін таппай қордаланып қалған мәселелердің мәнісі әлі күнге майшаммен қаралмаған. Айтылған сөз сол жерде қалған сәттерді де жиі кездестірдік. Халық тиянақты істен емес, сылдыр-сұйық сөзден шаршаған сияқты. Елдің бізге айтқан ұсыныстарын атқарушы билікке жеткіздік. Оның сыртында облыстық «Қостанай таңы» газетіне де мақалалар жарияланып, мәселелер ашық айтыла бастады. Бұл мемелекет басшысының реформаларының жүзеге асып жатқанының анық айғағы. Жағымды жаңалық пен стратегиялық маңызды игілікті бастамаларға толы Президент реформалары – халықтың көкейінде жылдар бойы қордаланып жүрген, наразылығын тудырған мәселелерді шешуге арналғаны белгілі. Бізді сол шабыттандырады.

Еліміздің экономикасын дамытып, халқымыздың әл-ауқатын арттырып, материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған реформа біз үшін маңызды. Президенттің реформалары – елімізді жарқын болашаққа, Қазақстанды жаңа даму кезеңіне бастайтын маңызды қадам.

                                                      Ақшығанақ НҰҒЫМАНОВ,
                                  Жанкелдин аудандық мәслихатының депутаты

Жаңалықтармен бөлісу