Ел ертеңіне үмітпен қараймыз

Ел ертеңіне үмітпен қараймыз

Күн өткен сайын көркейіп, жыл өткен сайын жаңарған тәуелсіз еліміздің болашағына сеніммен қараймыз. Қазақ елі өзінің бай тарихында сан ғасырларды артқа тастап, бағыт-бағдары айқын кемелденген елдердің қатарына енді.

Бүгінде елімізде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан реформалар соның айқын дәлелі. Қазақстанның «Құқықты, зайырлы мемлекет» екендігі барша дүние жүзіне паш етілді. Мемлекетті басқаруда әр іс нақтыланып, заңдық тұрғыда ұстанымдары мен өкілетті мерзімдері бекітілді.

Мемлекетіміздің басты қағидаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, елдің дамуына орасан зор нұсқан келтіріп, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу. Халық пен биліктің арасын мейлінше жақындату.

Мемлекет басшысының «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы да ел өміріне оң ықпал әкелді. Осы тұрғыда өзім қызмет жасайтын қалалық қоғамдық кеңестің жұмысы жайында айта кетсем деймін.

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына сай республикалық және жергілікті деңгейде құрылған қоғамдық кеңестер автономды және дербес жұмыс жүргізеді.

Жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестерге тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қоғамдық кеңестері жатады. Қоғамдық кеңестердің ұсынымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шешімдерді қабылдайтын және уәжді жауаптар беретін мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарауы үшін міндетті болып табылады.

Азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білдіру – қоғамдық кеңестер қызметінің басты мақсаты. Қалалық қоғамдық кеңестің 11 мүшесі бар. Комиссия құрамында мемлекеттік және қоғамдық қызметкерлер, кәсіпкерлер, саяси партиялардың мүшелері жұмыс істейді. Ай сайынғы отырыстарымызда өзекті мәселелерді талқылаймыз. Тыңдалған әр сұрақ бойынша қоғамдық кеңес атынан ұсыныс жариялап, оның орындалуынқадағалау үшін қалалық мәслихат төрағасына және қала әкімнің атына жолдап отырамыз.

Қоғамдық кеңесте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерделеуге және үйлестіруге бағытталатын Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және өңір азаматтары арасында парасаттылық мәдениетін қалыптастыру жөніндегі комиссия құрылған. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормативтік-құқықтық актілерде және тыңдаған бөлімдердің қызметін қозғайтын дискрециялық өкілеттіктер мен нормаларда анықталған жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстарымызды жалғастырудамыз.

Қоғамдық кеңес қалада жүргізіліп жатқан жұмыстардың қай-қайсынан да шет қалмайды. Қаланың коммуналдық шаруашылық обьектілерінің жұмысы, жылу беру маусымына әзірлік шаралары, халықты жұмыспен қамту мәселелерін ұдайы назарда ұстаймыз.

«Жаңа Қазақстан» деп жатырмыз, жаңарайық. Еліміздің, қаламыздың көркейгенін көрейік. Бұған дейін өзекті мәселе болып келген жолдарымыз жөнделуде. Халықтың тұрмысы жылдан жылға жақсарып келе жатыр. Бәріміз өз саламызда белсенді жұмыс істесек, еліміздің ертеңі нұрлы болып, өміріміз жақсарады деп ойлаймын.

Алмас Бекин,
Арқалық қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы,
прокуратура саласының ардагері.

Жаңалықтармен бөлісу