Республика күні — халықтың рухын көтеріп, елдігін нығайтатын, бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттыратын айшықты мереке.
Биыл айтулы мерекені Арқалық жұртшылығы «ине жіптен жаңа шыққандай» күрделі жөндеуден өткен жаңа ғимаратта атап өтті.

Қалалық мәдениет сарайына зор сағынышпен жиналған халықты қала әкімі Әмірхан Асанов мерекемен құттықтап, марапаттарды өз қолымен табыс етті.
«Бүгінде елімізде Әділетті Қазақстанды құрудың маңызды қадамдары жасалуда. Мемлекетіміздің құрылымдық жүйесінде, саяси-экономикалық бағытында көптеген жаңғыртулар қолға алынды. Халық жаңа қоғам қалыптастыруға деген бастамаларға өз қолдауларын білдіруде. Демократиялық үрдістерді орнықтыруға, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған бұл өзгерістердің барша қазақстандықтар үшін маңызы зор екендігін атап өткім келеді.
Мұндай игілікті бастамалардан Арқалық қаласы да қалыс қалып отырған жоқ. Мемлекет басшысының өңірімізге деген оң көзқарасының арқасында қаламыз нық сеніммен болашаққа қадам басып отыр.
Президентіміз айтқандай тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба — Астана, Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысы келер жылы басталады деп күтілуде. Мұнымен қоса, Арқалықтың әуежайын іске қосу жұмыстарының қолға алынуы, қаламызда көпқабатты үйлерді жөндеуге, жолдарды дұрыстауға қаражат бөлініп, тұрғын үй, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, спорттық нысандардың салынуы сөзімізді салмақтай түсері сөзсіз.
Біздің мақсатымыз — Арқалықтың ажарын арттырып, инвестиция тартуға оң жағдай қалыптастыра отырып, қаламызды тұрғындардың өміріне жайлы қала ету», — деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.
Мерекелік жиында әр салада тындырымды еңбегімен танылған еңбек адамдары облыс, қала әкімдерінің Құрмет грамоталарымен көптеп марапатталды.








Мереке құрметіне қала өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, өнер көрігін зор құлшыныспен қыздырды.





Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ,
Суреттерді түсірген – автор
