Арқалық қазақ жасөспірімдер театрында қаланың 70 жылдық мерейтойына арналған «Арқалықтың ақ таңы» спектаклі кезекті рет көрермен назарына ұсынылды.
Жақында ғана томағасын сыпырған бұл қойылым ұлылар тудырған тұмар ән «Арқалықтың ақ таңы» әнінің негізінде қала әкімінің ұсынысымен дүниеге келген. Құрылғанына ширек ғасыр толған жас ұжым тың туындыны көпшіліктің көңілінен шығатындай етіп, киелі сахнаға алып шықты.

Туындының авторы жерлесіміз, драматург, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Абылай Мауданов. Қоюшы режиссеры Еркебұлан Сәулебайұлы сонау Алматыдан ат терлетіп келіп, бір ай бойы осы еңбекпен айналысты.

Қойылым соңында театр басшысы Рауан Терек арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді.

«Бұл қойылым тарихшы, этнограф, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібектің 95 жылдығына орай саханада сомдалып отыр», – деді ол.
Тұмар әннің шығу тарихын баяндайтын кейіпкер журналист ағамыздың өзі де көпшіліктің арасынан табылды.
«Шәмшінің Торғайға сапары» деген эссе кезінде Лениншіл жас (қазіргі «Жас Алаш» газетінде Амангелді ауданында 1972 жылы түсірілген суретпен 1 бет болып жарық көрген. Кейін Өзекең жайлы кітап шыққанда естелік ретінде алынды. Толық нұсқасы автордың «Торғай толғауы» атты таңдамалы кітабында баяндалады.

«Қойылым сәтті қойылған. Нақты мәселелерді көтереді. Сол заманның сипатын дәл береді. Ұлы тұлғалардың жан дүниесіндегі толғаныстары толымды су реттеледі. Шәмшіні ел қатты қадірлейтін. Кездесулерімізді халық клубқа сыймай далада өткіздік. Түкпірдегі малшы-шопандарға дейін атпен, ат арбамен ағылып келді», – деп өткен шақты тебірене еске алды абыз журналист Серік Шайман.
Қойылымды құрамында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, мәслихат төрағасы, ардагерлер кеңесінің төрағасы және басқа да айтулы тұлғалар бар арнайы делагация келіп қатысты. Өзбекәлі Жәнібектің қарындасы, Түркістан қаласы Аналар кеңесінің төрағасы Айғаным Серім, сондай – ақ Өзағаңның балалары Жұлдыз бен Ниетжан да бірге болды.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
