Арқалық қаласында 1500 адамға арналған жаңа мешіт бой көтермек. Бұл күндері орны белгіленіп, демеушілер іздестірілуде.
Еске сала кетсек, таяуда ғана жанашыр жандардың жәрдемімен қалалық мешіт жанынан 500 орынға лайықталған мешіт асханасы пайдалануға берілген болатын.
Жаңа мешіт қалаға кіреберісте, орталық айналма жолдың маңайынан салынады деп көзделген. Қазіргі қолданыстағы мешіт шәкірттер діни сауат ашатын медресеге айналмақ.
«Жаңа мешіт көрнекті, сәулетті, жан-жағы абаттандырылған қаланың көз тартатын ғимараттарының біріне айналады. Көпшілік қауымның мінажат ететін орны болады.
Ескі мешіт медресе болып қала береді. Сауат ашу курстарын жүргізіп, имамдар даярлаймыз. Жаназа рәсімдері де осы жерде жүргізіліп, асханасымен бірге елге қызметін көрсетеді», – дейді Арқалық қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің бас имамы Нұрхан қажы Асанұлы.
Сондай-ақ жақында көптен айтылып жүрген бұрынғы құрылысы аяқталмай қалған мешіттің де мәселесі оң шешімін тапты. Нақтырақ айтқанда, жасанды су қоймасының жанындағы көрнекті нысан жеке иеліктен қалалық мешіттің тарапына беріліп, жөндеу жұмыстары жалғастырылатын болды. Құрылысы аяқталғасын қала іргесіндегі елді мекендер халқының намазханасына айналады.
Мұрат Жүнісұлы,
Суреттерді түсірген – автор