Қостанай қаласында орналасқан 6697 әскери бөлімінің шамамен 70 әскери қызметшісі Арқалық қаласына жіберіліп, су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді түрде қатысуда.
Көктемгі қардың жаппай еруі мен ауа райының күрт жылынуына байланысты өңірде су деңгейі көтеріліп, елді мекендерге қауіп төндіруде. Осыған орай, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Ұлттық ұланның әскери қызметшілері дер кезінде көмекке келді.
Қазіргі уақытта ұландықтар жергілікті атқарушы органдармен және құтқару қызметтерімен бірлесе отырып, қорғаныс бөгеттерін нығайту, құм толтырылған қаптарды дайындау және оларды қауіпті аймақтарға орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, су басу қаупі бар аумақтарды бақылауға алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салуда.
Әскери қызметшілер өздеріне жүктелген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен атқарып, тәртіп пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетуде. Олар тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, табиғи апаттың салдарын азайтуға барынша күш жұмсауда.

Осындай қиын сәтте ұландықтардың жедел әрі үйлесімді әрекеттері халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайдың алдын алуға үлкен септігін тигізуде.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі
