ҚР Қорғаныс министрлігінің Қостанай облысы бойынша аумақтық жасағының бригадасы көктемгі су тасқыны қатерлерінің алдын алуға жәрдемдесу үшін Арқалық қаласына келді. Жеке құрамнан 50 әскери қызметші келіп, кент тұрғындарының аулаларын қардан тазартуға көмек көрсетуде.
«Біз қазір Арқалық қаласының «Северный» кентінде жұмыс істеп жатырмыз. Мұнда жалпы 745 – тей уй бар екен. Кент жалпы көлемі он мың гектардай жерді алып жатыр. Бригада өздеріне жүктелген тапсырмаларды тиянақты орындап, үйлерді су басу қаупінен сақтауды жақсы жолға қойып келеді», – дейді Қостанай облыстық горнизон басшысының орынбасары, подполковник Марат Сәлімов.
Күн күрт жылып, аулаларын басқан қалың қар қауіп туғыза бастаған шақта қол ұшын созған әскерилерге кент тұрғындары да риясыз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтуда.
«Өз күшімізбен ауламыздағы қарды тазартып шығара алмас едік. Әскери адамдар келіп, дер кезінде қолғабыстарын жасап, қаупімізді сейілтіп, көңілімізді көтеріп тастады. Міне, екінші жыл қатарынан әскерилер келіп, осындай нақты көмектерін беріп, үйімізді су басу қаупінен арылтып жатыр. Елдің қауіпсіздігін сақтаудаға ерен еңбектері үшін Қостанай облыстық аумақтық қорғаныс бөлімінің бригадасына зор алғысымызды білдіреміз», – дейді Северный кентінің тұрғыны Петр Батишев.

Жалпы, Арқалық қаласы бойынша биыл жылдағыға қарағанда іргелес кенттерде су тасқынынан қауіп жоқ деуге болады. Себебі, қар шығару жұмыстары жақсы ұйымдастырылып, су ағатын арықтардың да көздері ерте бастан тазартылып қойылған.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
