Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінде «Имандылық – адамгершілік пен ізгіліктің тірегі» атты тағылымды кездесу көрініс тапты.
Кездесуді университеттің «Зерттеу және стратегиялық даму» жөніндегі проректоры Аслан Еділханұлы жүргізді. Іс-шараға Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Балғабай Оразханұлы мен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Маратұлы қатысып, тақырып бойынша сөз қозғап, жастарға ақыл – кеңестерін айтты.

«Адамның биологиялық қажеттіліктері бар екені баршаға мәлім. Сол сияқты, рухани қажеттіліктері де бар. Соның бірі – сенім. Әр адамда сенімге деген қажеттілік бар. Сенім болмаса бос кеңістік орнайды. Сол бос жерді әртүрлі ұйымдар өздерінің мақсаттарына пайдалануы мүмкін. Сол себепті, егер қажет болып жатса діни тәрбие мен қажеттіліктерді сырттан, әлеуметтік желілерден іздемей яғни, теріс пиғылдағы диструктивті дін ағымдарына ұрынбас үшін тек қана ресми тіркелген мешітке барып қалыпты дін өкілдерінен ақпарат алған жөн», – дейді Азамат Маратұлы.
Жиында имандылықтың қоғамдағы рөлі, жастар тәрбиесіндегі рухани құндылықтардың маңызы кеңінен талқыланды.

Білім ордасының медбикесі Күнсұлу Ибрагимқызы ораза айында денсаулықты күту, дұрыс тамақтану тәртібі жөнінде маңызды мәліметтермен бөлісті. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Ашық форматтағы жиын еркін пікір алмасуға ұласып, жастардың рухани танымын кеңейтуге зор ықпал етті.


Тағылымды кездесу ұлттық ән-күймен әрленді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
