Қала әкімінің қамқорлығымен ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Спорт бөлімінің әлеуметтік жобасы аясында қалалық ардагерлер кеңесі жыл бойы ардагерлер арасында түрлі жарыстар ұйымдастырып тұрады. Ұлттық спорт түрлерінен, бильярдтан, шахматтан, суға жүзуден жарыстар өтті.
Енді, міне, дойбыға да кезек келіп отыр. Айтпақшы, бұған дейін әйелдер арасында дойбыдан жарыс өткенін де айта кетейік.

Қалалық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Белсенді ұзақ өмір орталығында» салтанат құрған жарыста ардагерлер басшысы, мемлекеттік қызметтің құрметті ардагері Түбекбай Әубәкіров құттықтау сөз сөйлеп, қатысушы қарттарға сәттілік тіледі. Жарыстың жерлесіміз, ұлт ардақтысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналып өткізіліп жатқанын алға тартты.

Жүлделі үш орынға сыйлық, оның сыртында жақсы ойын өрнегін көрсеткен екі ойыншыға ынталандыру сыйлығы бар.

Жарыстың өту тәртібі туралы бас төреші, ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі Ботабай Шаимов таныстырып, жеребе тарту арқылы қарсыластар анықталды.
Ардагерлер атынан сөз алған Марат қажы Сұлтанбеков:

«Қала әкімдігі, ардагерлер кеңесі төрағасының бастауымен қарттарға жоғары деңгейде көңіл бөлініп тұрады. Өтіп жатқан жарыстардың бәріне де қатысып, жанкүйер болып атсалысып тұрамыз. Мұның бәрі үкіметіміздің ардагерлерге жасап жатқан қамқорлығы деп түсінеміз», – деп ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Белсенді ұзақ өмір орталығында ән-хор үйірмесі, шебер қолдар үйірмесі, теннист, бильярд спорт түрлері жақсы дамыған.

Суда жүзу аптасына бір рет тұрақты өткізіліп тұрады. Таяуда компьютермен қамтылуы да артып, ардагерлердің қалауынша қызметін тұтынуға кең жол ашылды.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
