Қай елде болмасын жер-су атаулары адамзат пен қоршаған ортаны тікелей байланыстыратын, сол арқылы тілдік, этникалық, аумақтық сәйкестігін анықтайтын аса құнды, маңызды фактор.
Жыланшық өзенінен және маңайындағы терең сайлардан қар суы құйылғанда көлдің өзінен үш бағытта су жиегінен асып шөмішке ұқсас кішігірім көлдер пайда болады. Жергілікті халық оларды «Бас Шөмішкөл», «Орта Шөмішкөл», «Аяқ Шөмішкөл» деп атайды.
Жыланшықтың екінші саласы өтетін Сатырлауық атының да шығу тарихын жергілікті тұрғындар былай сипаттайды: көктемде қар еріп су тасығанда ойпаттау жазық табанға су жайылып көлге айналады. Тасқын су қайтқан кезде көп ұзамай оның суы азайып кебе бастайды. Жаздағы күннің ысыған кезінде тіпті құрғап кетеді.
Құрғаған жердің беті қабыршықтанып қатып, жарылады. Оның үстінен көлікпен немесе жаяу жүргенде жарылған балшық ерекше сытырлап дыбыс шығарады. Соған байланысты бұл табан Сатырлауық аталып кеткен. Ал оған жалғасатын Ұзынсор табаны су тартылғанда аппақ сорға айналады. Осы Сатырлауық, Ұзынсор арқылы Жыланшық өзені Қарасор көліне құяды. Ол – осы өңірдегі ең терең көл, тереңдігі 20-25 метрге дейін барады дейді қариялар. Қарасор көлі үстінде қайықпен жүргенде шетінен қара терең екенін байқайсың. Түбіне қарасаң қап-қара қорқынышты көрінеді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары осы көлдің астына арнайы киім киіп түскен мамандар:
«Көл түбі ертеректе қалың жыңғыл өскен терең шұңқыр болған. Ал асты қоқыс, осы тереңде мекендейтін балықтар кәрі, аулануы қиын, өндіріске де сапасын жоғалтқан», – деген тұжырым айтыпты.
Тыныштық ӘБЖАМАЛҰЛЫ,
Еңбек ардагері,
Жангелдин ауданының
Құрметті азаматы
