Қостанай қаласындағы №19 жалпы білім беретін мектепте орналасқан 64-ші референдум учаскесінің жұмысы туралы учаске төрағасы Анар Қабдуллинова аз-кем сұхбат берді.
–Анар ханым, сіздің саяси науқандарда бірнеше жыл комиссия төрағасы болып жүргеніңізден хабардармыз. Қостанайлықтардың, оның ішінде 64-учаскеге тіркелген жерлестеріңіздің осы жолғы белсенділік деңгейіне қандай баға бере аласыз?
–Біздің учаске қаламыздағы Темір-бетон өнімдері комбинаты (КЖБИ) шағын ауданында орналасқан. Осы төңіректегі тұрғындардың белсенділігі өте жоғары дер едім. Әлеуетті дауыс берушілер тіркеуінде 1915 адам болды. Барлығына алдын ала шақырту жіберілді. Халықтың саяси науқанға деген көзқарасы өзгеріп, өздерін осы үдерістің маңызды бір бөлшегі сезінгендерінің белгісі шығар – бұрнағы жылдардан гөрі азаматтық үнін білдіруге құлшыныс жасаған қалалықтардың қатары қалың. Таңнан толассыз ағылған жұрт кеш таяса да әлі толық саябырсыған жоқ. Бұл жерлестеріміздің осы жолғы референдум маңызын жоғары бағалап, жан-жақты хабардар болғанының айқын көрінісі деп ойлаймын.
–Комиссия мен бақылаушылар назарына ешқандай тәртіп бұзушылық шалынбады ма? Бәрі талапқа сай өтіп жатыр ма?
–Әлбетте. Қазір учаскеде өзімді қосқанда 9 адам тынымсыз жұмыс істеп жатырмыз. Әртүрлі партия мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен тағайындалған бақылаушылар да дауыс беру жәшігіне қарама-қарсы отырып, тәртіптің бұзылмауын қатаң қадағалады. Өзімізге берілген құзіреттілік шеңберінде азаматтардың сұрақ-сауалдарына жауап беріп, тиісті көмегімізді көрсетіп жатырмыз. Негізі, есігімізден енген әр тұрғынның жүзі жарқын, көңілдері көтеріңкі көрінді. Оның үстіне, біз де көпшілік қауымға ықыласымызды көрсетіп жатырмыз. Буфет ұйымдастырып, дәмімізді ұсындық. Бір ауық концерттік бағдарламамызды тамашалауға мүмкіндік алған жұртшылық та аз болмады.
–Сырт көзге қай буын ұрпақтың үлесі басым көрінді? Жастар көп пе, қарттар жағы басым ба?
–Бір жағына нақты басымдық беріп, нақтысын айту қиынырақ шығар. Бірақ әдетте мұндай науқандарға егде жастағы кісілер көбірек қатысушы еді ғой. Ал осы жолы жастар белсенділігінің арта түскенін байқадық. Бұл да ел тағдырына самарқау қарамайтын жас буынның өсіп келе жатқанынан хабар береді. Тұңғыш рет дауыс беруге келген бозбала-бойжеткендеріміз болды. 18-ге енді ғана толған бес жасқа аздаған сый-тартуымызды ұсындық. Ал енді өз аяғымен келіп таңдауын жасаған ең үлкен кісі 89 жастағы әжей болды. Науқасы бар, жасы жеткен алты тұрғын үйден дауыс беруге өтініш түсіріп, түске дейін ол кісілердің шаңырағына арнаулы көлікпен мамандар жіберілді. Жұмысымыз әлі жалғасып жатыр. Дегенмен соңғы нәтижені білер сәтке де көп уақыт қалған жоқ.
–Рахмет!
Әңгімелескен – Жандос Жүсіпбек
