Республика күні қарсаңында Амангелді ауданы Амантоғай ауылында жабық спорт кешені пайдалануға берілді.
Бұл заманауи Дене шынықтыру-сауықтыру кешені — ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, жастарға жаңа мүмкіндік ашу, елді мекендердің әлеуетін көтеру үшін құрылған нысан. Ол мемлекеттік «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып отыр.
Алдағы уақытта мұнда волейбол, баскетбол, күрес, үстел теннисі сияқты спорт түрлері бойынша жаттығулар ұйымдастырылып, аудан халқының спортпен айналысуына кең жағдай жасалмақ.
«Бұл мереке — ел тәуелсіздігі мен бірлігінің, еңбектің және жаңғырудың мерекесі. Сол бірліктің нақты көрінісі – өз ауылымызда бой көтеріп отырған жабық 50 адамдық спорт кешенінің ашылуы. Бұл – Ел Президентінің бұқаралық спортты дамыту бастамасын қолдаудың жарқын үлгісі, ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мүмкіндік береді»,-деп атап өтті Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев.


Кешеннің құрылысы 2024 жылдың шілде айында басталып, Республикалық бюджеттен 445 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Мұрат Жүнісұлы
