Екінші дүниежүзілік соғысқа Батпаққара өңірінен аттанып, сүйегі Ресей жерінде қалған майдангерлердің бірі – Сыздық Сыпсыңбаев. Таяуда ұрпақтары аталары жерленген елді мекенді іздеп барып, ресми іс-шараға қатысып келді.
Сыздық Сыпсыңбаев Аманкелді ауданы Екпінді ауылының тумасы. Қызыл армия қатарына 35 жасында 1942 жылы 13 ақпанда алынған жауынгер еді. Ол 1231-ші атқыштар полкінің 371-ші атқыштар дивизиясының мергені болды. 1943 және 1944 жылы екі рет жараланды. 1945 жылдың 13 қаңтарында Шығыс Пруссия операциясы кезінде болған қиянкескі шайқаста ерлікпен қаза тапты. Алғашында Шығыс Пруссиядағы Вильпишен ауылы маңында жерленген. Кейін Калининград облысы Нестеров муниципалдық округі Бабушкин ауылындағы кеңес жауынгерлерінің бауырластар зиратына қайта жерленіп, мемориалдық кешенде есімі жазылды…
Таяуда марқұмның үш бірдей ұрпағы аталған елді мекенге арнайы барып, зиратына туған жердің топырағын салып, дұға оқыды. Сол ауылда Сыздық Сыпсыңбаевты еске алуға арналған «Өткен шақтың қаһарманы» аталатын арнаулы акция ұйымдастырылып, оған ұрпақтары басты мейман ретінде қатысты. Іс-шараны ұйымдастырушы аудандық кітапхана қызметкерлері жергілікті мемориалда жандары мәңгілікке жай тапқан жауынгерлер туралы мәліметтер беріп, тағылым үлгісін көрсетті.
«Біз осы елді мекендегі жергілікті басшылықпен байланыс орнатып, майдандастар қорымына тағзым етуге келген алғашқы қазақстандықтар екенбіз. Атамыздың басына туған жерінің топырағын салып, қол жайып дұғамызды оқып, үлкен бір перзенттік парызды орындап келген жайымыз бар. Енді, бұйырса, Жеңіс күні қарсаңында Екпінді ауылында, сондай-ақ ауданымыздың орталығында атамыздың аруағына арнап кең көлемді рухани іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ескерткіш белгі қою, ас беру, ұрпақтарының жадында қаларлық тағылымды дүниелер өткізу ойымызда бар. Ол жөнінде кеңірек тарқатып жаза жатармыз», – дейді майдангердің немерелері.
Айта кетейік, Сыздық Сыпсыңбаев батырлық пен табандылықтың үлгісін көрсеткен жауынгерлердің бірі саналады. Ол туралы деректер отты жылдардың жылнамасында сақтаулы тұр. Тұсында көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін екі рет «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды:
- 1944 жылдың 6 мамырындағы №140 бұйрық (73-ші атқыштар полкі, 33-ші атқыштар дивизиясы, 2-ші Прибалтика майданы)
- 1944 жылдың 27 желтоқсанындағы №048 бұйрық (1231-ші «Неман» атқыштар полкі, Қызыл Ту орденді, Суворов орденді 371-ші дивизия).
Тағы бір мәлімет, қан майданға Сыздықтың Әбу есімді бауыры да қатысқан. Екеуі де мерген, пулеметші болды. Бірақ кескілескен ұрыстардың бірінде ауыр жараланып, қос қолындағы саусақтарынан айырылып, осы себептен елге жіберіледі. Ал бұдан соң Сыздықтан хат-хабар мүлдем үзіледі. Ұрпақтары мен туған-туыстарына майдангер туралы ақпар 75 жыл бойы беймәлім болып келді. Тек 2020 жылы «Халық естелігі» («Память народа») атты портал пайда болғаннан кейін ғана әулетке оның жерленген жерін іздеп табудың мүмкіндігі туған.