15 қараша – Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енген күні және қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы айтулы мереке аясында Амангелді ауданы әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ ұйымдастырумен «Теңге – Тәуелсіздіктің тірегі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелдің көздеген мүддесі – ел арасында ұлттық валюта-теңге туралы түсінік беру, оның тарихы мен маңыздылығын ұғындыру.

Іс — шара барысында қатысушыларға «Ұлттық валютаның тарихы», сондай-ақ, теңгенің алғашқы үлгілерінің тарихы, теңгенің маңыздылығы туралы деректер айтылды.

Дөңгелек үстел пікірталас форматында өтті. Қызметкерлер екі топқа бөлініп, «Ұлттық валютаның тұрақтылығы – ел дамуының кепілі» тақырыбында өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Сонымен қатар, қатысушыларға түрлі елдердің валюталары бейнеленген суреттер ұсынылып, «Пазл құра» ойыны көрініс тапты. Тағылымды іс түйінінде қатысушылар өздерінің ізгі тілектерін жазып, ұлттық валютаға деген құрметтерін білдірді.
«Бүгінгі іс-шарамыз өте мазмұнды, әсерлі өтті. Ұлттық валютамыз-еліміздің тәуелсіздігінің басты нышандарының бірі. Теңгені құрметтеу деген сөз — елдің экономикалық дербестігіне, болашағына құрмет білдіру. Барша отандастарымызды ұлттық теңге күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Еліміздің экономикасы өркендеп, ұлттық валютамыздың қадірі арта берсін. Барлық қатысушыларға белсенділік танытқандары үшін зор алғысымызды білдіреміз», –дейді Амангелді ауданы әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ директоры Жансауле Жанабілқызы.
Белсенділік танытқан қызметкерлерге алғыс хаттар табысталды.
Мұрат Жүнісұлы
Амангелді ауданы
