«Амангелді — Үрпек» жолына асфальт төселеді

«Амангелді — Үрпек» жолына асфальт төселеді

«Амангелді — Үрпек» жолына былтырғы су тасқынынан кейін нысандық төтенше жағдай жарияланып, жолды жөндеуге 320 миллион теңге қаражат бөлінді.

Мердігер «Комжолстрой» ЖШС — мен келісімшарт жасалып, жолдың 5,5 шақырым төмен орналасқан бөлігі биіктетілді.

«Жолдың бұл аралығы төмен болғандықтан су шайып кету қаупі болатын. Аудан әкімдігі мен облыстық жол басқармасы бірлесе отырып осы мәселені шешті. Нәтижесінде жолды көтеруге ұйғарым қабылдап, жолды 1,2 метрге көтерді. Сондай — ақ, жол бойындағы суағарлар да кеңейтіліп, ол жерлерге қосымша құбырлар қойылды. Қазіргі таңда су тасқынынан жолға ешқандай қауіп жоқ. Енді осы жолға асфальт салуды жоспарлап отырмыз», – дейді Амангелді аудандық «Тұрғын үй құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінің басшысы Сүндет Ғаниев.

Еске сала кетсек, «Амангелді – Үрпек» жолының мәселесі облыс әкімінің биылғы аудан халқымен кездесуінде де көтерілген болатын.

«Үрпекке баратын 15 шақырым жолдың көп бөлігі 2024 жылы бұзылған еді. Бірақ 2025 жылы сəл қаражат бөлініп, жұмыстар басталған. Былтыр жолды көтердік. Мамандар «шамалы күте тұрайық, енді судан қауіп бар-жоғын бір тексеріп алайық» деген болатын. Енді жобалық-сметалық құжаты дайын. Келер жылы осы жолға тиісті қаражатты бөліп, жөндейміз», – деген болатын облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Жол қатынасының сенімді болғанына ауыл тұрғындарының да қуанышы зор.

«Ауылымызға қатынайтын көтерме жолды биіктетті. Енді жол қатынасы үзілмейді деген үміттеміз. Келер жылы асфальт төсейді. Жобалық — сметалық құжаты дайын. Бұл жұмыстың бұған дейін жасалмауының себебі биіктетілген жолдың әбден бекуі қажет болды. Жолымызды жөндеп, ауылдағы елдің қамын ойлап жатқан облыс, аудан басшыларына шынайы алғысымызды білдіреміз», – дейді ауыл тұрғыны Ғалымжан Тұрлығұлұлы.

Жақында ынтымағы мен бірлігі жарасқан іргелі Үрпек ауылының облыста «Үлгілі ауыл» атанғанын да еске сала кетейік.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Амангелді ауданы