Алматыда фристайл-могулдан әлем кубогының кезеңі басталады

Алматыда фристайл-могулдан әлем кубогының кезеңі басталады

“Шымбұлақ” тау шаңғысы курорты тағы да әлемнің ең мықты спортшыларын жинайды. Медаль үшін қазақстандық могулшылар да күресетін болады. Отандастарымыз осы маусым барысында жоғары деңгейге көтерілгені анық. Толығырақ — Olympic.kz материалында.

Алматыдағы Әлем кубогының кезеңі халықаралық жарыстар күнтізбесінде дәстүрлі турнирге айналды. Оңтүстік астанамыз бұл беделді жарысты алғаш рет 2019 жылы қабылдаған. “Шымбұлақтың” беткейлері шетелдік спортшыларға ұнайды. Оның үстіне, оңтүстік астанада бұл уақытта жиі жылы әрі қолайлы ауа райы болады.

Сонымен қатар Қазақстанның тау шаңғысы курорты әлем чемпионатын да өткізген. Соңғы әлем біріншіліктерінің бірі осы жылдың қаңтарында өтті. Жастар арасында фристайл-могул мен фристайл-акробатикадан медальдар сарапқа салынды. Жалпы, халықаралық жарыстарды ұйымдастыруда тәжірибе жеткілікті.

Көптеген көшбасшы үшін алдағы Әлем кубогының кезеңі маңызды болмақ. Қазіргі уақытта жалпы есептегі жағдай анық емес. Әрбір жүлде есепке алынады. Алматыдағы кезеңнің қорытындысы бойынша көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Сондықтан фавориттер турнирді жіберіп алмасы анық. Бұл турнирге деген қызығушылықты одан әрі арттыра түседі.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасы маусым барысында тамаша қарқын алды. Команданың жүлдеге жету мүмкіндігі өте жоғары. Бапкерлер штабы нәтижелердің тұрақтылығына қол жеткізе алды. Юлия Галышева мен Анастасия Городко әр кезеңде финалға дейін жетеді. Павел Колмаков та өз бағдарламасын жақсартып, биыл екі рет жүлдегерлер қатарына енді.

Қаңтар айында Галышева жеңіс тұғырына қайта оралды . Ол АҚШ-та үшінші нәтиже көрсетті. Ал Городко Канадада сәтті өнер көрсетіп, күміс жүлде жеңіп алды. Финалға жету жолында ол олимпиада чемпионы Перрин Лаффонды (Франция) жеңді.

Бұл жетістікке жету үшін үлкен жұмыс атқарылды. Сонымен қатар Қазақстан құрамасы жақында күрделі кезеңді бастан өткерді. Юлия Галышева мен Анастасия Городко жарақаттардан кейін ұзақ қалпына келу кезеңінен өтіп, ал ерлер құрамасының көшбасшысы Павел Колмаков өз бағдарламасын жетілдірді. Маусым басында ол жүлдеге үміткерлер қатарынан алыс болғанымен, қазір медаль үшін бәсекелестік көрсете алады.

Қазақстан құрамасы көшбасшылар қатарына дәл қажет уақытта қайта оралды. Алда 2026 жылғы Олимпиада ойындары бар, сондықтан осы маусымдағы жетістіктер өте маңызды. Команда үшін жеңіс қуанышын қайта сезіну, өз күшіне сену маңызды. Енді бұл қарқынды жоғалтпай, бар назарды Олимпиада дайындығына аудару қажет.

“Елдегі Әлем кубогының кезеңі – әр спортшы үшін үлкен жауапкершілік. Біз жанкүйерлерді қуантқымыз келеді, сол себепті бұл жарысқа ерекше дайындалдық. Команданың негізін тәжірибелі спортшылар құраса, қатарға болашағынан үміт күттіретін жастарды да қостық. Мысалы, жақында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында өзін жақсы көрсеткен Денис Раструба, сондай-ақ Юлия Феклистова бұл жолы үлкен спорттық додада бақ сынайды. Әрине, тізімді кеңейтуге болар еді, бірақ дәл осы уақытта Еуропа кубогы өтуде. Сол жарыста біздің жас спортшылар болашақтағы Әлем кубогына жолдама алу үшін күресіп жатыр”, – деді Елена Круглыхина.

Қазақстан намысын сегіз спортшы қорғайды: Юлия Галышева, Анастасия Городко, Юлия Феклистова, Анастасия Ларионова, Павел Колмаков, Антон Бондарев, Федор Бугаков, Денис Раструба.

Команданы жарысқа дайындайтын бапкерлердің қатарында: Елена Круглыхина, Геннадий Намереков, Дмитрий Рейхерд, Олег Цин және Константин Горлачев бар.

Қарсыластар тізімінде маусымның үздік спортшылары бар.

Бұл кезеңге Микаэль Кингсбери (Канада), Икума Хоришима (Жапония), Бенджамин Каве (Франция), Мэтт Грэм (Австралия), Перрин Лаффон (Франция), Джейлин Кауф, Оливия Гьяччо (АҚШ), Майя Швингхаммер (Канада) және Рино Янагимото (Жапония) қатысады. Биылғы маусымда тұрақты көшбасшы жоқ – Кингсбери мен Хоришима үздік атану үшін тартысып жатса, әйелдер арасында Лаффон мен Кауф арасындағы бәсеке күшейген.

Қазіргі таңда Галышева, Городко және Колмаков жалпы есеп бойынша Әлем кубогының үздік ондығына кіреді. Олар маусым соңына дейін өз позицияларын жақсартуға тырысады.

“Әрбір жарыс – Олимпиадаға дайындықтың бір бөлігі. Әр кезеңнен кейін толық талдау жасаймыз. Мен үшін ең маңыздысы – спортшылардың жарыстарға жоғары деңгейде дайын болуы. 2026 жылдың ақпанына дейін спортшылар барынша ұпай жинап, үздік 30 спортшының қатарына кіруі тиіс. Егер қандай да бір спортшы Олимпиадаға қатысудан бас тартса, оның жолдамасы тізімде төмен орналасқан атлеттерге беріледі”, – деп түсіндірді Елена Круглыхина.

Жаңалықтармен бөлісу