Қазіргі таңда елімізде цифрлық технологиялардың дамуына байланысты интернет арқылы жасалатын қылмыстар да күрт көбейіп, алаяқтар үнемі жаңа әдістер ойлап тауып жүр.
Жасөспірімдерге интернет алаяқтықтың осы бір қауіптілігі түсіндірілді. Қостанайдағы Матвиенко атындағы жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері полиция департаментінің жедел уәкілі Темірлан Ерденовпен кездесті. Интернет алаяқтықтың түрлері мен одан сақтану жолдары туралы маңызды ақпарат алды.

Темірлан Ерденовтің айтуынша, қылмыскерлер қоңырауды Қазақстан нөмірінен шалады. Бұл – олардың сенімге кіру үшін қолданатын басты айласы. Алаяқтықпен айналысатындардың екі негізгі рөлі бар – активатор және дроппер.
«Активаторлар дүкендерден көптеп симкарта сатып алып, оларды кезекпен тіркейді, алаяқтарға береді. Алаяқтар сол нөмірлер арқылы адамдарға хабарласып, түрлі жалған ақпараттармен алдап, ақша бопсалайды», – деп түсіндірді жедел уәкіл.

Жуырда Алтынсарин ауданы мен Қашар қаласында активатор құрықталғаны да айтылды.
«Дроппер – алаяқпен жәбірленушінің арасындағы делдал. Ол өз банк картасын немесе жаңадан ашып берген шотын қылмыскерлерге береді. Сол карта арқылы үлкен көлемдегі ақша айналады. 16 қыркүйектен бастап мұндай әрекет үшін жауапкершілік күшейтілген. Заң бойынша дропперлікке қатысқандарды
3–5 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу санкциялары қарастырылған», – дейді полиция өкілі.
Дропперлер көбіне ақшаға мұқтаж жасөспірімдер мен студенттерді тартады. Телеграм, Instagram, WhatsApp желілерінде «оңай табыс» деген желеумен жарнамалар таратады. Олар аз ғана уақыт ішінде картасы арқылы өткізілген сомадан 1–2 пайыз ғана табады. Мысалы, алаяқтар бір миллион теңге жымқырса, дроппер бар болғаны 10–15 мың теңге алады. Бірақ кейін барлық жауапкершілік оның мойнына жүктеледі. Жымқырылған соманы толық өтеуге міндетті болмақ.
Жиында уәкіл алаяқтардың әрекеттерінен зардап шеккен бірнеше оқиғалардан мысал келтірді.
«Қостанай тұрғыны бірнеше рет алданып, әр жолы арыз жазып отырды. Осылай полицияның араласуын қажет етіп келеді. Бір әйел пәтерін сатып, ақшасын алаяқтарға бермек болған. Реалторлар пәтерді арзан бағаға сатып алуға дайындалып та қойған. Дәл уақытында полицейлер әрекетке көшіп, азаматшаны үлкен қаржылық шығыннан құтқарды», – деп әңгімелеп берді.
Тағы бір жағдай, егде жастағы әжей 3 миллион теңгені «банк қызметкерлері» деп таныстырған алаяқтарға жібермек болған. Қауіпсіздік қызметінің дер кезінде хабарласуы арқылы қаржы сақталып қалды.
Балалардың «банк қызметкерлері алаяқтармен байланысып, ақпарат беруі мүмкін бе?» деген сұрағына полицей нақты жауап берді.
«Ондай жағдай Қостанай облысында тіркелген жоқ. Бірақ адамдар өздері кодтарды, деректерді айтып қойып, қателік жібереді. Алаяқтарға ең қажеті — біздің немқұрайлығымыз», – деді ол.
Егер банк шотыңызға белгісіз ақша түссе, оны ешқайда аударуға да, жұмсауға да болмайды. Бұл дропперлікке тартылудың белгісі болуы мүмкін. Адамдардың өз желілік аккаунттары мен банктік деректеріне сақ болмауынан көп алаяқтық жасалып отыр.
Instagram немесе басқа желілерге кіру үшін келетін төрт таңбалы кодты ешкімге беруге болмайды. Алаяқтар 1414 нөмірінен хабарласқандай кейіп танытып, «кодты айтып жіберіңіз» деп сұрайды. Осылайша аккаунттарды немесе банк деректерін қолды етеді.

Адамдар кейде өз шотына бөгде қаражат түссе, «қателесіп кеттім, мынандай жерге жіберіңіз» деген өтініш алады. Бұл — дропперлікке тартудың кең таралған амалы. Мұндай жағдайда бірден банкке хабарласып, ақшаның қайдан түскенін анықтау керек. Қаражатты жұмсауға да, басқаға аударуға да болмайды.

Жасөспірімдердің пікірлері де өзекті болды.
Матвиенко атындағы мектептің тәрбиеленушісі, жиырмасыншы мектептің оқушысы Нұрай Ізтілеу дәрістен көп пайдалы ақпарат алғанын айтты.
«Бізге өте маңызды кеңестер берілді. Әсіресе, кодтарды ешкімге бермеу керек екені есімде қалды. Әрқашан сақ болуға тырысамыз. Сосын балалар жеңіл жолмен табыс табуды айтқан жарнамаларға сенбеуі керек. Ол арзан ақша, өте қымбат жауапкершілікке әкеледі», – деді ол.
Жасөспірімдер мектебінің тәрбие жөніндегі әдіскері Ақжол Қонысбай осындай жарнамалардың көбейіп тұрғанына наразы екенін айтты.

«Интернетте жұмыс ұсынамыз деп алдайтындарды көп көреміз. Бұрын сеніп қала жаздаған таныстарым болды. Енді ондайға жоламауын ескертіп жүрмін», – дейді Ақжол.
Осы іс-шараның ұйымдастырушысы Әсел Ерменбаеваның да балаларға айтары бар.

«Осындай дәрістер өте қажет. Балалар телефонды көп қолданады. Ақпараттық қауіпсіздік туралы жиі айтылуы тиіс», – дейді Әсел.
Интернет алаяқтық — бүгінде қоғамның әр мүшесін алаңдататын өзекті мәселе. Сол себепті, мұндай кездесулердің маңызы зор. Полиция қызметкерлері тұрғындарды сақ болуға, қаржылық сауаттылықты арттыруға және күмәнді жағдай туындаса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырады.
Ешқашан 4 таңбалы немесе басқа да кодтарды ешкімге айтпаңыз. Бөгде адамдарға ақша жібермеңіз. «Оңай табыс» туралы жарнамаларға сенбеңіз.
Әлеуметтік желідегі бейтаныс аккаунттарға банк картасын бермеңіз. Шотыңызға белгісіз ақша түссе — дереу банкке хабарласыңыз. Күмәнді жағдай туындаса, бірден полицияға жүгініңіз.
Интернет алаяқтық — қарқынды дамып келе жатқан, кез келген адамды алдап кетуі мүмкін қауіпті қылмыс. Осы себепті, полиция қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстары тоқтамайды. Мұндай кездесулер жасөспірімдердің қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, оларды болашақта қиын жағдайларға тап болмаудан сақтайтыны сөзсіз.
Айбек ЖҮЗБАЙ
