Алаяқтар онлайнда аңдып жүр: қорғанудың қарапайым тәсілдері

Алаяқтар онлайнда аңдып жүр: қорғанудың қарапайым тәсілдері

Бүгінде цифрлық технология дамыған сайын интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстар да көбейіп барады. Әсіресе, әлеуметтік желі, мессенджер, интернет-дүкен және ойын платформалары арқылы алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, оңай жолмен ақша табуды көздейді. Бұл – қылмыстық кодекспен жазаланатын әрекет.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 2-бөлігі, 4-тармағына сәйкес, ақпараттық жүйені пайдалану арқылы жасалған кез келген алаяқтық Қылмыстық кодекске сай жазаланады. Бұл дегеніміз, интернет арқылы жасалған алдау әрекеті үшін заң алдында жауапкершілік күшейген.
Қалай алданып қалмауға болады?
Алаяқтар түрлі әдіс-амалмен жұртты шырмауына түсіріп жүр. Мысалы:
Тексерілмеген интернет-дүкендер арқылы арзан тауар ұсынып, алдын ала төлем алып, кейін байланысқа шықпай қояды;
Әлеуметтік желі арқылы жалған сыйлық, ұтыс ойыны не мемлекеттік көмек секілді желеумен жеке мәліметтерді сұрайды;
Қаржы пирамидасына ұқсас жобалармен адамдарды оңай табысқа қызықтырып, соңында бар қаражатынан айырып кетеді.
Одан бөлек, құмар ойындар мен бәс тігу платформалары да интернет алаяқтығының бір түріне айналып отыр. Бұл сайттар көбіне жасырын жүргізіледі, ресми тіркелмеген және адамдардың психологиясын пайдалану арқылы оларды үнемі ақша құюға мәжбүрлейді. Нәтижесінде азаматтар ұтылып қана қоймай, қарызға батып, отбасының, қоғамның тұрақтылығына зиян келтіреді.
Қауіпсіздік ережелері:
Интернетті пайдалану кезінде келесі кеңестерді ескерген жөн:
✅ Белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз
✅ Тексерілмеген сайттардан тауарға тапсырыс бермеңіз
✅ Жеке ақпаратты, банк картасының нөмірін, SMS арқылы келетін кодты ешкімге жібермеңіз
✅ Екі сатылы тексеруді (2FA) іске қосыңыз, SMS-парольмен қорғанысты күшейтіңіз
✅ Құмар ойын сайттарынан аулақ болыңыз және мұндай сілтемелерді баспаңыз
Заң алдындағы жауапкершілік
Интернет алаяқтығы тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сондықтан құқық қорғау органдары күдікті фактілер бойынша дереу шара қабылдайды. Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз немесе күмәнді әрекет байқасаңыз, ішкі істер бөлімдеріне немесе 102 нөміріне хабарласыңыз.
Қоғамда қауіпсіздік әркімнің қырағылығына байланысты. Ақпараттық сауаттылық пен құқықтық білім – интернеттегі алаяқтардан қорғанудың басты жолы.

Саят ИСЛАМОВ,
ҚР ІІМ Орталық өңірлік әскер-тергеу басқармасы
Қостанай тобының тергеушісі,
әділет капитаны