Әжелер шашу шашты

Әжелер шашу шашты

Арқалықтағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен қаладан жақында «Жайлы мектептің» ашылуына байланысты мектеп ұстаздарымен, шәкірттерімен «Асыл әжелер – өмірдің ажары» атты тағылымды кездесу өтті.

Асыл әжелер мен аналар ұйымы жаңа жайлы мектептің ашылғанына өз қуаныштарын білдіріп, ұлттық салт – дәстүрімізге сай шашу шашты.

Игі тілектерін білдіріп, жас ұрпаққа аналық мейірмен ақ батасын берді. Сонымен қатар, әжелер әуезді әндер айтып, өз өнерлерін де көрсете білді.

Ақ жаулықты аналардың игі бастамасын мектеп басшысы Ақтоты Жанаралқызы, ұстаздар және оқушылар қауымы үлкен ілтипатпен қарсы алып, ризашылықтарын білдірді.

Кездесу барысында оқушылар да ән-жырын ұсынып, мектеп басшысы қонақтарға жайлы мектептің пәндік кабинеттері мен заманауи жабдықтарын көрсетіп, әжелерді зор қуанышқа бөледі.

«Бұл кездесуден әжелердің алған әсерлері сөзбен айтып жеткізер емес, Заманауи мектепті көріп, болашағымызды көріп келгендей қуанышты күй кешіп отырмыз.  Осындай озық үлгідегі мектептердің қатары көбейіп, жастарымыздың алып жүрген ғылым – білімдері ұлттық құндылықтармен егіз болса, еліміздің болашағы да жарқын болары сөзсіз», – дейді қалалық Аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Қалтаева.

Еске сала кетсек, «Жайлы мектеп» Президент пәрменімен ұлттық жоба аясында инновациялық жабдықтармен бірыңғай стандарт бойынша салынған білім ошағы. Екі қабатты білім ордасының бастауыш, орта және жоғары буынды оқытуға арналған блоктары бар. Кең спорт залы спорттық жабдықтармен толық қамтылған.

Жайлы мектеп 26 оқу кабинетінен тұрады. Оқу зертханаларымен физика, химия, биология кабинеттері, робототехника және компьютерлік сыныптар, STEM зертханалар заманауи жабдықталған. Оқушыларды жан-жақты дамытуға және педагогтердің белсенді жұмысына арналған акт залы, оқу залы бар кітапхана, ыңғайлы коворкинг зоналар жұмыс істейді.

                                                                                                                    Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ                                         Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу