Әулиекөлде бұрымдылар анықталды

Әулиекөлде бұрымдылар анықталды

Тимофеев ауылының тұрғыны Әмина Кірмаева мен әулиекөлдік Риза Әбішева «Наурызнама» онкүндігі аясында Ұлттық киім күніне орай Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Бұрымды қыз-2026» сұлулық байқауын жеңіп алды.

Байқаудың  жас таланттарды анықтап, қолдау көрсету, әлеуметтік белсенділік пен қайырымдылықты дамыту, жастар арасында мәдениет пен дәстүрді насихаттау, сондай-ақ сән және сұлулық индустриясын дамытуға бағытталған

Байқау төрт кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы «Таныстыру» кезеңінде қатысушылар өздері туралы фильм-презентация дайындап, аты-жөні, жасы, қызығушылықтары туралы ақпарат ұсынды. Сонымен қатар, әр қатысушы сахна төрінде өлең немесе қара сөз арқылы өзін таныстырып, «Бұрымды қыз» атағына лайық екенін дәлелдеуге тырысты.

«Қыз еркем – өнерімен көркем» кезеңінде арулар вокал, би және өзге де шығармашылық бағыттар бойынша өнерлерін паш етті. Ал «Зерделінің ойы озық» кезеңінде қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрлеріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті.

Соңғы «Сұлулық сыры» кезеңінде қыздар ұлттық нақыштағы киім үлгілерін сахнада таныстырды. Қазақтың ою-өрнекпен әшекейленген ұлттық киімдерінің әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтпай, заман ағымына сай жаңарып келе жатқанын қатысушылар тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сонымен қатар, «Көрермендер көзайымы» номинациясы табысталды. Бұл номинация жеңімпазы Жастар ресурстық орталығының Instagram парақшасына жүктелген фотосуреттердегі лайк саны арқылы анықталды.

Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінді: 14–17 жас аралығындағы «Жастар» тобы және 18 жастан жоғары «Ересектер» тобы. Байқау барысында әрбір ару өзінің сұлулығымен ғана емес, жан-дүниесінің байлығымен, талантымен және сахна мәдениетімен ерекшеленді.

Қазылар алқасы қатысушыларды жан-жақты бағалап, нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.

14–17 жас аралығындағы қатысушылар арасында екінші орын Аманқарағай ауылының қатысушысы Айдана Ермұханға бұйырды, ал үшінші орынды Әулиекөл ауылының аруы Байжанова Аяулым жеңіп алды.

18 жастан жоғары қатысушылар арасында екінші орын Құшмұрын ауылының қатысушысы  Әмина  Жазықпаеваға табысталды.

«Зерделі ару» номинациясы Чернигов ауылының қатысушысы Жасмина Нағашыбаеваға берілді.
«Сымбатты ару» атағын Москалев ауылының аруы Жасмин Шарипова иеленді. «Өнерлі ару» номинациясымен Аманқарағай ауылының қатысушысы Мадина Төленді марапатталды.
«Сүйкімді ару» атағы Әулиекөл ауылының аруы Анеля Мукановаға табысталды. «Инабатты ару» номинациясын Көктал ауылының қатысушысы Гүлнұр Қабимолда иеленді. Ал «Көрермендер көзайымы» номинациясы Аманқарағай ауылының аруы Айдана Ермұханға бұйырды.

Аталған байқау ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас арулардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға үлкен мүмкіндік берді.

Нұргүл Сағынаева,

Жастар ресурстық орталығының маманы