Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) – Қазақстандағы жоғары білімнің флагманы, заманауи ғылым мен инновацияның орталығы. 1934 жылы құрылған бұл университет елдегі жоғары білімнің дамуына айрықша үлес қосып, бірнеше буын көрнекті мамандарды, ғалымдарды және қоғам қайраткерлерін даярлады.
Бүгінде ҚазҰУ әлемдік және ұлттық университеттер рейтингінде тұрақты түрде жоғары орындарға ие. 2024 жылы QS World University Rankings рейтингінде әлемнің үздік 200 университетінің қатарына кіріп, білім беру сапасының жоғары деңгейін және халықаралық мойындалуын тағы бір мәрте дәлелдеді. Университетте көрнекті ғалымдар, ғылым докторлары және әлемнің түрлі елдерінен шақырылған профессорлар дәріс береді, ал студенттер халықаралық ғылыми жобаларға, тағылымдамаларға және академиялық алмасу бағдарламаларына белсенді қатысады.
ҚазҰУ-дың заманауи кампусы – тек оқу орны ғана емес, ғылым, спорт және шығармашылық дамуға қолайлы жағдай жасалған тұтас академиялық қала. Университет цифрлық технологияларды кеңінен енгізіп, инновациялық стартаптарды қолдап, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен және компанияларымен серіктестікті дамытады.
ҚазҰУ түлектері саясаттан бастап ғылымға, бизнестен мәдениетке дейінгі әртүрлі салаларда биік белестерді бағындыруда. Олардың көпшілігі мемлекеттік органдарда, халықаралық ұйымдарда және ірі корпорацияларда басшылық қызметтерді атқарады. Олардың жетістіктері ҚазҰУ-дың жоғары деңгейлі білім мен ғылыми орталық ретіндегі мәртебесін тағы да растайды.
Д.А. Тұрсынқұлова,
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті,
заң ғылымдарының кандидаты
Е.Б.Ергеш,
ҚазҰУ Заң факультетінің 1-курс магистранты