«Азурит» ЖШС кәсіпорнында «Әділет» партиясының Қостанай облыстық мәслихаты депутаттығына партиялық тізім бойынша кандидаттары Бибігүл Аққожина, Людмила Олкинян және Гүлсара Жаманкұлованың қатысуымен кездесу өтті.
Жиында партияның 2026-2031 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасындағы әлеуметтік басымдықтар және тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, жұмыспен қамту, білім беру мен медициналық көмектің қолжетімділігі, әлеуметтік қолдау, сондай-ақ қоғамдық және ұлттық қауіпсіздік тақырыптары қозғалды.

Партия бағдарламасында 41 мыңнан астам жұмыс орнын ашу, балабақшаларда қосымша 520 орын құру, 2 400 оқушыға арналған екі мектеп салу және 149 білім беру нысанын жөндеу көзделген. Денсаулық сақтау саласында 11 медициналық нысанды салу және жаңғырту, сондай-ақ тұрғындар арасында профилактикалық тексерулерді кеңейту жоспарланған.

«Қуатты әрі қауіпсіз мемлекет ең алдымен азаматтарының әл-ауқатына сүйенеді. Әр адам ертеңгі күніне сенімді болып, еңбек етуге, отбасын асырауға, балаларына сапалы білім беруге және қажет кезінде медициналық көмек алуға мүмкіндік алуы керек. Сонымен бірге тұрғындар өздерін қауіпсіз сезініп, заңға сеніп, құқықтарының қорғалатынын білуі маңызды. Әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздік бір-бірінен ажырамайды. Өңірді дамыту жұмысы осы ұстанымдарға негізделуі тиіс», — деді Бибігүл Аққожина.

«Заң мен тәртіп» қағидатына да ерекше мән берілді. Ел қауіпсіздігі әр азаматтың үйінде, көшеде, жұмыс орнында және қоғамдық орындарда өзін қорғалған сезінуінен басталады. Ол үшін құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімді болуы, тұрақты жұмыспен қамту, сапалы білім мен медициналық көмек те маңызды. Өңірлік бағдарламада 1 080 бейнебақылау камерасын орнату және 600-ден астам көшені жарықтандыру қарастырылған.

Дайындаған: «Әділет» партиясының Қостанай облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Б.Б. Аққожина.
Материал Қостанай облыстық мәслихаты депутаттарын сайлауда партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
