Абзал Құспан: «Тіл мәртебесін көтеру заңдарымызды бірізділендіруден басталуы керек»

Абзал Құспан: «Тіл мәртебесін көтеру заңдарымызды бірізділендіруден басталуы керек»

Қостанайда өткен «АІ және лингвистика: цифрлық синергия дәуірі» форумында ҚР Мәжілісі депутаты, Заңнама және сот-құқық реформасы комитетінің мүшесі Абзал Құспан осындай мәселе көтерді.

Ол мемлекеттік тілдің құқықтық мәртебесін күшейту мәселесі тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстарды өзекті түйткілмен сабақтастыра баяндады. Депутаттың айтуынша, заңдармыздың тілін түзететін кез жетті.

«2023 жылы депутат болып сайландық. Келе сала көтергеніміз — мемлекеттік тіл мәселесі. Тәуелсіздік алғалы қабылданған заңдардың ұзын саны 3 мыңнан асады екен. Соларға ревизия жасауды талап еттік. Өйткені оларда біркелкілік жоқ. Бір заңдағы ұғым екіншісінде басқаша, кереғар. Әрине, қазақ тілі бай. Синоним өте көп. Бірақ заң тілінде бір термин бір ұғым беруі керек. Ол шатасуға әкеліп соғады. Ашығын айтайық, әзірге үкімет тарапынан жүйелі жұмыс жолға қойылған жоқ. Бұған себеп — салаға жауапты тұлғалардың тұрақсыздығы. Жиі ауысады, басталған ісіміз аяқсыз қалады», — дейді Абзал Құспан.

Ол аудармаға сүйенген заңдардың сапасыздығы сондай, орысшасын қолдануға мәжбүр екенін айтады.

«Толықтай қазақ тілінде тәрбиеленген, өсіп-жетілген, оқып-тоқыған адаммын. Бірақ осы күнге дейін мына заңдардың орыс нұсқасын ғана пайдаланамын. Менен кейінгі жастардың барлығының айтары сол. Заңгерлер қазақ тіліндегісін қолдану мүмкін емес дейді. Қазақша нұсқасы қиын. Толған құрмалас сөйлемдер, қате аудармалар, әркелкі ұғымдар», — деген уәж айтты.

blankАбзал Құспан бұл проблема үкіметпен арада көп айтылып, депутаттық сауал ретінде жолданғанын айтады. Шешім жолдарын да ұсыныс етіп айтумен келеді екен.

«Сауал жіберумен шектелген жоқпыз. Түрлі отырыс -жиында «заң дайындау сатысында қазақ тілінде әзірленсе» деген ұсыныс айттық. Өзіміз де үлгі көрсетіп, үш бірдей заң жобасын тап-таза қазақ тілінде дайындап шыққан едік… Егер осыларды реттей алмасақ, ЖИ цифрланған заңдарымызды қалай қабылдамақ? Ол кезде де шатасулар, үлкен проблемалар туындайды… Ұят та болса айтайын, қате Конституциямыздан басталады. Мен өзім одан 11 қате көріп отырмын. Заңгер әріптесім 16 ағаттық тапқан. Жұқа ғана ең басты заңымыздың өзін дұрыс аудармағанбыз. Сондықтан негізгі жұмысты 90-шы жылдардан бері қарайғы заңдарымызды бір ізге салудан бастауымыз керек», — дейді ол.

Оның айтуынша, ғалымдар, тіл мамандары, заңгерлер атқаруға тиіс, көп уақыт пен қыруар қаражат талап ететін шаруаға оң көзқарас қалыптаспай келеді.blank

Толығырақ — газеттің алдағы санында

Суреттерді түсірген — Бердіболат Көркембаев