Қашарда 22 отбасы пәтер кілтін алды

Қашарда 22 отбасы пәтер кілтін алды

Республика күні қарсаңында Рудный қаласына қарасты Қашар кентінде көп жылдан бері баспана кезегінде тұрған 22 отбасыға пәтер кілттері табысталды.

Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенконың айтуынша, бұл – тәуелсіздік жылдарында кентте кезекте тұрған азаматтарға пәтер кілттері салтанатты түрде табысталып отырған алғашқы жағдай.

Баспана күткен тұрғындар үшін бұл күн көптен күткен арманының орындалған сәті болды.

Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко жаңа қоныс иелерін құттықтап, баспана мәселесін шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

 «Мұны тіпті тарихи оқиға деп те атауға болады. Өйткені тәуелсіздік жылдарында алғаш рет кезекте ұзақ жылдар тұрған тұрғындарымызға осылайша салтанатты түрде пәтер кілттерін табыстап отырмыз. Олардың кейбірі 20 жылдан астам уақыт кезекте тұрған», – деді Виктор Ионенко.

Әкімнің айтуынша, бұған дейін бос тұрған ғимарат бүгінде қайта қалпына келтіріліп, тұрғындардың игілігіне беріліп отыр. Қашардағы №84 үй – кентте мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға үлестіріліп жатқан алғашқы қалпына келтірілген үй. Мұнда әртүрлі санаттағы азаматтар баспана алды. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және мүгедектігі бар азаматтар бар.

Виктор Ионенко Қашардағы өзгерістер тек тұрғын үй құрылысымен шектелмейтінін де атап өтті. Оның сөзінше, кейінгі жылдары кенттің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жақсартуға басымдық берілген.

«Қашарда соңғы үш жылда жоспарлы түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Әрине, тұрғындар қалағандай барлық мәселені бірден толық шешу мүмкін болмауы мүмкін. Дегенмен, атқарылған жұмыс аз емес. Алғашқы жылы жылу желілері мен жылу трассаларының едәуір бөлігін ауыстырдық, су құбырын жаңарттық. Биыл кәріз коллекторын жөндеу жұмыстарын аяқтап жатырмыз. Бұған дейін кәріз жүйесінде су жиналып, тірекке қатысты мәселелер болған. Қазір бұл бағыттағы жұмыс та мәресіне жақындады, – деді ол.

Кентте жол жөндеу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылы негізгі Федоров–Қашар тасжолынан кентке кіретін жол жөнделіп, елді мекеннің ішкі жолдарын реттеу жұмыстары басталған. Биыл тұрғын үй қорын қалпына келтіру бағытына басымдық берілген.

«Осы жылы тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына кірістік. №84 үйді жөндеп, міне алғашқы отбасыларға кілттерін тапсырып отырмыз. Осы жұмысты атқарған мердігер компания өкілдеріне тұрғындар атынан алғыс айтқым келеді», – деді Виктор Ионенко.

Бос тұрған ғимараттан – жаңа шаңыраққа

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары салынған бұрынғы бес қабатты жатақхана біраз уақыт бос тұрған. Ғимараттың тозығы жетіп, күрделі жөндеуді қажет еткен. Енді ол қайта жаңғыртылып, тұрғын үй ретінде пайдалануға берілді. Үйде бір, екі және үш бөлмелі барлығы 83 пәтер бар. Оның ішінде төрт үш бөлмелі пәтер көпбалалы отбасыларға арналған. Жөндеу барысында ғимараттың қасбеті жаңартылып, жертөлелері жөнделген. Пәтерлердің ішкі әрлеу жұмыстары да жүргізілген.

Мердігер «Стройком KV» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директорының орынбасары Руслан Маржабаевтың айтуынша, жұмыс басталған кезде ғимарат жағдайы нашар болған. Қабырғалары бүлініп, ішкі бөліктері қайта жөндеуді қажет еткен. Сондықтан құрылысшылар пәтерлерді жаңадан әрлеп, инженерлік желілерін де жаңартқан.

«Ғимарат ұзақ жылдар бойына қаңырап тұрғандықтан, жағдайы нашар болды. Ішкі қабырғаларының бәрі бүлінген еді. Сондықтан пәтерлердің ішін толықтай жаңадан әрледік. Еденге жаңа тегістеу қабатын құйдық, жаңа материалдар қолдандық. Еденге плитка мен линолеум төселді, кәріз жүйесі мен электр желілері жаңартылды. Су құбырларында да жаңа материалдар пайдаланылды. Барлығы жаңадан жасалды», – деді Руслан Маржабаев.

Оның сөзінше, жөндеу жұмыстары шамамен алты айға созылған. Мердігер компания атқарылған жұмыстарға екі жыл кепілдік береді. Яғни осы кезеңде жөндеуге қатысты ақаулар анықталса, оларды түзету міндеті компанияға жүктеледі.

Бұл үйдегі пәтерлер мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұрған азаматтарға үлестіріледі. Іріктеу Отбасы банк арқылы жүргізіледі. Әкімдік пәтерлерді өз бетінше үлестірмей, дайындалған тұрғын үй қорын банкке береді, ал банк кезектілік пен белгіленген талаптарға сәйкес іріктеу жүргізеді.

Салтанатты рәсімде пәтер кілтін алғандардың бірі – Айсұлу Дусмайлова. Ол баспана кезегінде 2012 жылдан бері тұрғанын айтады. Он үш жылға жуық күткен отбасы енді өз үйіне қоныстануға мүмкіндік алды. Айсұлу – үш баланың анасы. Оның отбасына екі бөлмелі пәтер берілген. Бұған дейін олар ата-анасымен бірге тұрған. Енді балаларына жеке кеңістік қалыптастырып, тұрмысын жаңадан бастауға жол ашылды.

«Мен 2012 жылдан бері кезекте тұрмын. Он үш жыл күтіп, міне, баспанамызға қол жеткізіп отырмыз. Пәтер таза әрлеумен тапсырылды. Бізге тек жиһаздарымызды сатып алып тұра беруге болады», – дейді баспана иесі.

Ана үшін бұл тек баспана ауыстыру емес, балаларының болашағына жасалған маңызды қадам. Жылдар бойы күткен жеке шаңырақ енді отбасының ортақ қуанышына айналмақ.

Кілт алғандардың қатарында Павел Абанин де бар. Ол – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азамат. Бір бөлмелі пәтерге қол жеткізу үшін алты жыл бойы кезекте тұрған. Жаңа үй оның өмірінде дербес қадам жасауға жол ашатын маңызды кезең болмақ. Бұған дейін баспана мәселесін шешуді күткен жас енді өз кеңістігін қалыптастырып, күнделікті тұрмысын жоспарлай алады.

 «Мемлекет тарапынан қамқорлықты сезініп жатырмын. Өзім жетім баламын. Жерлілікті билікке рахмет далада қалдырмай, баспанамен қамтып жатыр. Енді алдағы өмірімді жоспарлап, отбасын құры жағын қолға алсам деген ниетім бар», – дейді ол.

Ал Гүлән Қалыбаева 2014 жылы Өзбекстан елінен Қашар кентіне көшіп келген. 2018 жылы тұрғын үй кезегіне тұрған. Мамандығы бойынша балабақшада жұмыс істеген. Кейін жұбайының денсаулығына байланысты оған күтім жасап, уақытын отбасына арнаған. Жолдасы бірінші топтағы мүгедектігі бар азамат болған, бір жыл бұрын өмірден өткен. Енді Гүлән әже де бір бөлмелі пәтерге ие болды.

 «Көптен күткен баспанамызға қолымыз жетіп отыр. Маған бір бөлмелі пәтер берді. Бірінші кезекте Қазақстанымыз гүлдене берсін! Осы іске атсалысқан әкімшілікке барлығына рақмет. Бала-шағам бар, олар сыртта еңбек етеді», – деді ол.

Қашардағы тұрғын үй мәселесін шешу жұмыстары мұнымен аяқталмайды. Қазіргі уақытта кенттің бірінші шағынауданындағы №12 және №13 үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларды желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған. Екі үйде кезекте тұрған азаматтарға арналған тағы 68 пәтер болады.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Айта кетейік, соңғы үш жылда Рудный қаласы мен Қашар кентінде тұрғын үй мәселесін шешу бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Осы кезеңде 13 көпқабатты үй қалпына келтіріліп, бес жаңа үй салынған.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ