Мұра мен мұрат: Қостанайда кітапхана ісіне арналған конференция өтті

Мұра мен мұрат: Қостанайда кітапхана ісіне арналған конференция өтті

Рухани байлық кітаппен өлшенсе, оны сан буын ұрпаққа жеткізетін кітапхананың жауапкершілігі зор. Кешегінің мұрасын бүгінгі мүмкіндіктермен сабақтайтын орда да осы. Қостанайда өткен облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияда саланың өткені сараланып, болашақ даму бағыттары талқыланды.

Заман өзгеріп, ақпарат тарату тәсілдері жаңарғанымен, кітапхананың қоғамдағы орны мен рухани құндылықтарды сақтаудағы маңызы кеміген емес. Керісінше, бүгінгі цифрлық дәуірде кітапхана қызметінің мазмұнын жаңғыртып, оқырманмен байланысын нығайту мәселесі өзекті бола түсті. Осы бағыттарды кеңінен талқылау мақсатымен Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітапхана – ұлт руханиятының тірегі: мұра, мүмкіндік, мақсат» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сала мамандарын, зерттеушілерді, ардагерлерді және мәдениет өкілдерін тоғыстырған басқосу кәсіби тәжірибе алмасуға, тарихи мұраны зерделеуге және саланың келешегіне қатысты ой-пікірлерді ортаға салуға арналды.  Конференцияның негізгі мазмұндық өзегі – кітапхана ісінің дамуына елеулі үлес қосқан Нәзира Қожахметқызы Дәулетованың ғылыми-мәдени мұрасы мен оның кәсіби идеяларының бүгінгі кітапхана қызметіндегі жалғастығы болды.

Өткеннен өнегесі – болашаққа бағыт-бағдар

            Іс-шара «Мұралар сабақтастығы: өткеннен болашаққа» атты кітап пен фото көрмесіне шолу жасаудан басталды. Ол кітапхана тарихын, рухани мұраны және кәсіби сабақтастықты танытатын мазмұнды алаңға айналды. Сондай-ақ танымал теледокументалист Гүлжібек Бекмұхамедованың фильмі қатысушылар назарына ұсынылды.blankblankblank

Ал конференция ашылуында облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әбілов құттықтау сөз сөйлеп, мәжілістің мән-маңызын жоғары бағалады. Жиынның пленарлық отырысы «Дәулетова оқулары» аясында ұйымдастырылып, онда Нәзира Дәулетованың ғылыми мұрасы, кітапхана ісін дамытуға қосқан үлесі, зерттеушілік қызметі және кәсіби идеяларының қазіргі заман талаптарымен сабақтастығы әр қырынан қарастырылды.blankblankblank

            «Қазақстандағы кітапхана ісінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлғалардың бірі – Нәзира Дәулетова. Оның ғылыми еңбектері мен ұйымдастырушылық қызметі еліміздегі кітапханатану ғылымының негізін қалап, оны жаңа сапалық деңгейге көтерді. Ғалымның «Қазақстандағы кітапхана ісінің тарихы», «Қазақстанның әмбебап кітапханалары» атты еңбектері іргелі зерттеулері саналады. Бұларда кітапхана жүйесінің қалыптасу кезеңдері, оның әлеуметтік-мәдени рөлі мен даму заңдылықтары жан-жақты қарастырылған. Оның бай мұрасы бүгін де маңызын жоғалтқан жоқ. Идеялары біздің кітапхана қызметінде нақты жалғасын тауып келеді. Бұл сабақтастық кітапхана ісінің тұрақты дамуына негіз болып отыр. Заман талаптары бұл мұраны жаңа тұрғыдан қайта қарауды қажет етеді. Сондықтан Дәулетова еңбектері – тарихи құндылық қана емес, қазіргі және болашақ кітапхана ісін дамытуға бағыт беретін маңызды ғылыми құрал», – деді Л.Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана басшысы Сәния Безаубек.

blankОл осы сөздеріне дәлел ретінде Н.Дәулетова мұралары басшылыққа алына отырып, атқарылып жатқан ілкімді жобаларды, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін тілге тиек етті. blankОтырыстағы мазмұнды баяндамалар саланың даму үдерістері мен Нәзира Қожахметқызының кәсіби мұрасының ұштастығын кеңінен танытуға бағытталды. Мәселен, бастапқыларының бірі – Сарыкөл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, кітапхана ісінің ардагері Солдат Дүтбаевтың «Кітап жадының сақтаушысы: Сарыкөл кітапханасына Назира Дәулетова есімінің берілу тарихы» тақырыбындағы баяндамасы. Ол көтерген тақырып кітапхана тарихындағы маңызды кезеңдерді, тұлға есімін ұлықтаудың мәнін және тарихи жадыны сақтаудың маңызын танытуға бағытталды. Әзірлемесінің жаңалығы да жоқ емес.blank

            «Нәзира Қожахметқызының саладағы еселі еңбегі өңіріміз ғана емес, тұтас қазақ қауымы үшін бағалы. Сондықтан оның есімін айшықтай түсу үшін Нәзира Дәулетова атындағы медаль шығару ісі қолға алынуы зор маңызға ие. Ол елдегі ең үздік кітапханашыларға беріліп отырса, қандай ғанибет болар еді. Құзырлы орындарға жолданған ұсынысымыз мақұлданып жатса, атқарылған елеулі жұмыстардың біріне айналар еді», – деді Солдат Дүтбаев.

blankАрқалық қаласындағы облыстық № 2 әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Сәуле Алматова тұлғаның ғылыми идеяларының қазіргі әмбебап ғылыми кітапхана қызметіндегі сабақтастығын сөз етті. Ал ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қанат Алтынбек онлайн форматта «Кітап әлемінің шырақшысы – Нәзира Дәулетова» тақырыбымен баяндама ұсынды. Тұлғаның кәсіби еңбегі оның адамдық болмысымен, өмірлік ұстанымдарымен және кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесімен де бағаланады. Осы тұрғыдан алғанда, тұлғаның жақын туысы Серік Бекішевтің «Әжемнің мұрасы: немере естелігі» атты баяндамасы ерекше мазмұнға ие болды. Отбасылық естеліктерге негізделген мұндай әңгімелер тарихи тұлғаның өмір жолын жақыннан танып, рухани мұраның жеке адам тағдырымен байланысын тереңірек түсінуге жол ашады.blank

Осылайша, пленарлық отырыста ғылыми зерттеу, кәсіби тәжірибе, тарихи дерек және отбасылық естелік өзара сабақтасып, кітапхана ісінің адамзат жадын сақтаудағы рөлі кеңінен ашылды.

Тағылым мен тәжірибе тоғысы

            Конференцияның түстен кейінгі бөлігінде кітапхана қызметінің практикалық қырларына басымдық берілді. Қатысушылар кәсіби бағыттары бойынша секцияларға бөлініп, өзекті мәселелерді талқылады. Кітапхана басшыларына, директорларына және кітапханашыларға арналған секцияда ҚР ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары, сондай-ақ кітапханалардың ақпараттық-танымдық кеңістігіндегі өзекті мәселелер қаралды.blank

Қостанай облысы Мәдениет басқармасының бас маманы Әсемгүл Тұрымжанова мен «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Базаркүл Ахметжанова «Уикипедияға мақала орналастырудың алгоритмдері» тақырыбында тәжірибелік жұмыс ұйымдастырды. Бұл тақырып кітапханалардың ақпараттық кеңістіктегі мүмкіндіктерін кеңейтуге, білімді жүйелеуге және мазмұнды цифрлық ортада ұсынуға қатысты тәжірибелік мәселелерді қамтыды.

Әдіскерлерге арналған секцияны Л.Н. Толстой атындағы облыстық кітапхананың әдіскері Дарья Тимохина жүргізді. Ал толықтыру бөлімінің қызметкерлері құжаттарды іріктеу, өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру мәселелеріне арналған секция жұмысына қатысты. Бұл бағытта аталған кітапхананың толықтыру, құжаттарды өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Гүлфира Өмірзаққызы баяндама жасады. Салалық секциялар кітапхана қызметінің әртүрлі бағытындағы мамандарға өз тәжірибесін саралап, кәсіби міндеттерді талқылауға және жаңа жұмыс тәсілдерімен танысуға мүмкіндік берді.blank

Конференция соңында ұйымдастырушылар мен қатысушылар пленарлық отырыста көтерілген мәселелерді қорытындылап, кәсіби тәжірибенің маңызын атап өтті. Баяндамашыларға алғыс хат табысталды. Кітапхана ісін дамытуға қосқан үлесі, кәсіби белсенділігі мен шығармашылық еңбегі үшін Гүлжан Бәйзірова облыстық Мәдениет басқармасының грамотасымен марапатталды. Жиынның қорытынды қарары жарияланды.

Басқосудың негізгі идеясы – тарихи мұраны құрметтеу оны тек өткеннің еншісінде қалдырумен шектелмейтінін көрсету. Керісінше, жинақталған тәжірибені бүгінгі кәсіби қызметке енгізу, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және кітапхананың қоғамдағы орнын нығайту арқылы ғана рухани сабақтастық жалғасын табады. Қазіргі кітапхана – кітап сақтайтын орын емес. Ол – білім іздеген жанға бағыт беретін, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, зерттеушілік ізденіске жол ашатын және қоғамның мәдени дамуына үлес қосатын маңызды орта. Сондықтан конференцияның мазмұны да осы міндеттермен үндеседі.

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ