Шетел бидайына жол жабық

Шетел бидайына жол жабық

Қазақстанда бидай импортына қойылған шектеу күшейтілмек. Ауыл шаруашылығы министрлігі бидайды автокөлік, теміржол және су көлігі арқылы елге әкелуге толық тыйым салатын бұйрық дайындады. Құжат қазір уәкілетті мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр.

Жаңа тәртіп күшіне енсе, бидайды Қазақстанға тек «Азық-түлік корпорациясы» импорттай алады. Шектеуді алты айға енгізу жоспарланып отыр. Министрлік бұл шешімді көрші елдердегі астықтың көптігімен байланыстырады. Геосаяси жағдайға байланысты бірқатар мемлекеттерде бидайды өткізу қиындаған. Оның үстіне астық бағасы да төмендеген. Ведомство арзан шетелдік бидайдың Қазақстан нарығына көптеп келуі отандық шаруаларға кері әсер етуі мүмкін деп санайды.

ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, шектеу енгізу туралы бұйрық ведомствоаралық келісімнен өтіп жатыр.

«Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты көрші мемлекеттерде бидай көп, оны өткізу қиын болып жатыр. Осы бидай біздің нарыққа келсе, зиян болады деп ойлаймыз. Министрліктің бұйрығы дайын, қазір заңға сәйкес уәкілетті органдармен келісіліп жатыр. Құжат шыққан кезде толық шектеу енгізіп, тыйым саламыз», – деді вице-министр.

Ал бидай мен майлы дақылдарға экспорттық кеден бажын енгізу әзірге жоспарланып отырған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай шара қазақстандық шаруалардың сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігін шектеуі мүмкін деп есептейді.

            Гүлзада НҰРМАҒАМБЕТОВА