Қалада азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүйелі түрде әлі де жалғасып жатыр. Көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы шығарылып, күзгі шақыру науқанының негізгі міндеттері айқындалған.
Бұл туралы Қостанай қаласы Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы Батырхан Зиятов баяндады.
«Әсіресе жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде қаладағы бірқатар білім беру ұйымдарының көмегі айрықша болды. Олардың қатарында Жоғары автомобиль көлігі колледжі, Құрылыс колледжі, Әлеуметтік-техникалық колледж, Жоғары кәсіпкерлік колледжі және басқа да техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бар. Әскерге шақырудан жалтарған азаматтарды іздестіру бағытында да тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы ретте Қостанай қаласының полиция басқармасына ерекше алғыс білдірілді. Сәуір-маусым айлары аралығында ішкі істер органдары өткізген жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде 130 шақырылушы әскерге шақыру пунктіне жеткізілді. Олардың 36-сы ҚР Қарулы Күштерінің қатарына алынды», – дейді Батырхан Зиятов.
Сералы МЫРЗАБАЙ
