Аслан Дабылов: «Параспортшылардың биік белестерді бағындыруына жол ашылады»

Аслан Дабылов: «Параспортшылардың биік белестерді бағындыруына жол ашылады»

Қостанай облысында мүгедектігі бар азаматтардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін жаңа нысан бой көтермек. Алдағы уақытта облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасымен мүгедектігі бар адамдарға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр.

Бұл туралы Денисовте өткен спорттық дода барысында Қостанай облысы әкімінің кеңесшісі, «Жаңа өмір» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Дабылов мәлімдеді.

– Мүгедектігі бар азаматтардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Арнайы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің салынуы параспортшылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Мұндай жағдай олардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне жол ашады, – деді Аслан Дабылов.

Қазіргі таңда нысанның сметалық құжаттамасы дайын. Жобаның нәтижелі жүзеге асуы өңірдегі инклюзивті спорттың дамуына жаңа серпін бермек.

Қостанай облысының параспортшылары бүгінде республика деңгейінде жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Олардың арасында ұлттық құрама сапына еніп, халықаралық және республикалық додаларда ел намысын қорғап жүрген Тобыл-Торғай спортшылары да бар.

Жаңа спорт кешені іске қосылған жағдайда спортшылардың жаттығуына қажетті жағдай жақсарып, олардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік көбейеді. Бұл өз кезегінде өңір параспортшыларының жаңа белестерді бағындыруына жол ашпақ.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті түсірген Василий Васильев