Қостанайдағы №857 сайлау учаскесінде таңғы жетіден бастап дауыс беру жұмыстары өз деңгейінде өтіп жатыр. Комиссия төрағасы Бағдат Оспановтың айтуынша, аталған учаскеде дауыс беруге құқығы бар 2370 сайлаушы тіркелген. Қазірге дейін олардың 100-ге жуығы өз таңдауын жасап үлгерген.
– Жұмысымызды таңғы сағат 7:00-де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан бастадық. Қазір учаскедегі жағдай тұрақты. Сайлаушылардың белсенділігі жақсы, көңіл-күйі де көтеріңкі, – дейді комиссия төрағасы.

Учаскеге келіп жатқан тұрғындар өз таңдауын жасап, азаматтық міндетін атқаруда. Комиссия мүшелері сайлау барысының талапқа сай, ашық әрі ұйымдасқан түрде өтуін қамтамасыз етуде.
Жастар сарайында орналасқан сайлау учаскесінде мәдени бағдарлама ұйымдастырылып, «Ақжелең» ансамблі өнер көрсетті. Ұжым ұлттық нақыштағы шығармаларды орындап, сайлаушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ансамбль жетекшісі Ыбырай Есжановтың айтуынша, бұл жолғы Құрылтай сайлауы ел өміріндегі маңызды саяси үдерістердің бірі. Оның сөзінше, азаматтардың өз таңдауын жасап, елдің қоғамдық дамуына үлес қосуы – үлкен жауапкершілік.
«Құрылтай сайлауы – ел болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды кезең. Әр азаматтың таңдауы елдің ертеңіне әсер етеді. Осындай маңызды күні ұлттық өнерімізді насихаттап, салт-дәстүрімізді дәріптеу біз үшін де үлкен жауапкершілік. Өйткені ұлттық өнер – халқымыздың тарихы мен рухани мұрасының негізі», – деді «Ақжелең» ансамблінің жетекшісі.
Оның пікірінше, домбыра үні мен дәстүрлі өнер арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кейінгі ұрпаққа өнеге.

«Бүгінгі іс-шара арқылы сайлаушыларға жақсы көңіл күй сыйлап қана қоймай, ұлттық өнеріміздің қадір-қасиетін көрсетуге тырыстық. Салт-дәстүріміз бен өнерімізді сақтау және оны жастарға жеткізу – баршамызға ортақ міндет», – деді Ыбырай Есжанов.
«Ақжелең» ансамблінің өнерін сайлаушылар жылы қабылдап, орындаушыларға ықыластарын білдірді.
Жастар сарайындағы мәдени бағдарлама Құрылтай сайлауының мазмұнын толықтыра түсті.
Бота МАНЕТ
