№21 сайлау учаскесі: цифрлық мүмкіндіктер – қолжетімді сайлаудың негізі

№21 сайлау учаскесі: цифрлық мүмкіндіктер – қолжетімді сайлаудың негізі

Қостанай қаласындағы №21 сайлау учаскесінде сайлау үдерісін ұйымдастыруда заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдер кеңінен қолданылып отыр. Мұнда азаматтардың дауыс беруіне қажетті жағдай жасалып , сайлау учаскесінің қызметін цифрлық технологиялар арқылы барынша қолжетімді етуге басымдық берілген.

Бұл сайлау учаскесінің ерекшелігі – цифрлық технологиялардың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталуы. Мұнда көру және есту қабілеті төмен, сондай-ақ қозғалысы шектеулі азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыруына қажетті заманауи құрылғылар қарастырылған.
– Учаскеміздің басты ерекшелігі – Қостанай қаласы әкімдігінің пилоттық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта қалыптастырылғаны. Мәселен, көру қабілеті төмен азаматтарға арналған дыбыстық ақпараттандыру жүйесі жұмыс істейді. Учаскеге кірген кезде арнайы құрылғы қазақ және орыс тілдерінде қажетті ақпаратты дыбыстап жеткізеді. Бұл – цифрлық технологиялардың сайлау үдерісіндегі қолжетімділікті арттыруға қосқан үлесінің бір көрінісі. Ал есту қабілеті төмен азаматтар үшін индукциялық ілмек орнатылған. Құрылғы Bluetooth арқылы қосылып, комиссия мүшесінің түсіндіруін анық естуге жағдай жасайды. Осылайша сайлаушы қажетті ақпаратты кедергісіз қабылдап, дауыс беру рәсіміне өз бетінше қатыса алады, – дейді №21 сайлау учаскесінің төрағасы Бауыржан Кажиякбаров.
blank
Учаскеде көру қабілеті әлсіз азаматтарға арналған электронды лупа да бар. Сонымен қатар сайлау барысына қатысты ақпарат екі тілде дыбыстық файлдар арқылы ұсынылады. Бұл азаматтардың партиялар мен дауыс беру тәртібіне қатысты қажетті мәліметтерді тыңдап, шешім қабылдауына көмектеседі.
blank
Цифрлық шешімдердің тағы бірі – азаматтарға көрсетілетін онлайн қызметтер. №21 сайлау учаскесінде халыққа қызмет көрсету орталығының маманы жұмыс істейді. Ол азаматтардың тіркеу мәселелерін тексеруге, сондай-ақ сайлаушының қай учаскеге тиесілі екенін анықтауға көмектеседі.
– Мұндай қызмет әсіресе өзінің сайлау учаскесін нақты білмейтін немесе тіркеуіне қатысты мәселесі бар азаматтар үшін маңызды. Ақпаратты электронды жүйе арқылы жедел тексеру сайлау процесінің тиімділігін арттырады. Сонымен бірге учаскеде көру қабілеті төмен азаматтарға арналған тактильді сызба орналастырылған. Оның көмегімен адам ғимараттың кіреберісін, дауыс беру кабинасын, комиссия үстелін, дауыс беру жәшігін және басқа да нысандардың орналасуын сипап сезу арқылы анықтай алады, – дейді төраға.
blank
№21 сайлау учаскесінің тәжірибесі цифрландырудың тек электронды қызметтермен шектелмейтінін көрсетеді. Заманауи технологиялар ақпаратты қабылдау, бағыт-бағдар алу және дауыс беру процесіне қатысу кезінде азаматтарға қосымша қолдау көрсетеді. Бүгінде цифрлық шешімдер қоғам өмірінің барлық саласына еніп келеді. Сайлау үдерісінде де бұл бағыт азаматтардың құқықтарын жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастырумен ұштасып отыр. Ал №21 сайлау учаскесіндегі тәжірибе – технология мен инклюзивті ортаны қатар дамытуға бағытталған нақты мысал.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – автор