Қостанайдағы қала күні мерекесі жас жол инспекторларының республикалық және мемлекетаралық ХХІ слётінен басталды.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы қатысып, жас инспекторларға сәттілік тіледі.
Жоғары дәрежелі іс-шараға Қазақстанның өңірлерінен 20 және ТМД елдерінен (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзербайжан) 6 команда — барлығы 26 команда қатысуда. Ұзын саны 240 қатысушы астықты аймаққа келіп отыр. Оның ішінде 11-14 жас аралығындағы 182 бала күш пен білім сынаспақ. Қостанай облысының намысын биыл Науырзым ауданының «Зеленый свет» командасы қорғайды.

Жас инспекторларымыз облыстық кезеңде табандылық пен ұйымшылдық танытып, республикалық слетке жолдама алды.
Өткен ХХ республикалық слетте Қостанай қаласындағы №19 мектептің командасы жеңімпаз атанған болатын. Облысымыз игі дәстүрді жалғастырып, слет қатысушыларын биыл да ерекше қуанышпен қарсы алып отыр.
Барша қатысушылар Мемлекеттік Туға қарап сап түзеп, асқақ Ән ұранымызды қосыла шырқады. Құрметті меймандарға кезекпен сөз беріліп, бас қосудың мән-мазмұны айшықталды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов барлық командаларға сәттілік тіледі.

«Баршаңызды ұлы ағартушылар мен қоғам қайраткерлерінің құтты мекені, қасиетті Қостанай жерінде өтіп жатқан Жас жол инспекторларының ХХІ республикалық мемлекетаралық слетінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин, Алаштың ардақты перзенттері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы дүниеге келген, елдің рухани-мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосқан қасиетті өлке», — деп бастады облыс әкімі алғы сөзін.
Слёттің маңызына да тоқталып, жол қозғалысындағы әр адамның жауапкершілігіне ерекше екпін қойды. Бүгінгі жиын елімізде жүзеге асып жатқан «Заң мен тәртіп» идеологиясымен үндесіп жатқанын айтты.
«Жас жол инспекторлары – қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, жол қозғалысы ережелерін құрдастары арасында насихаттап жүрген белсенді жастар. Сіздердің бүгінгі білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз – ертеңгі қауіпсіз қоғамның берік негізі. Барша қатысушыларға ақ жол, қауіпсіз сапар, жаңа мүмкіндіктер мен толағай жеңістер тілеймін!», — деді Құмар Іргебайұлы.
Республикалық және мемлекетаралық слет Ғазиз Байтасовтың есімімен тығыз байланысты. Қауіпсіздікті сақтау ісінде отансүйгіштіктің жарқын үлгісін көрсете білген полицейдің ерлігі мен еңбегі тарих беттерінде алтын әріптермен жазылды. Батырға деген құрметтің белгісі ретінде аталмыш слет тұрақты ұйымдастырылуда.
«Біз Атырау облысы, Атырау қаласынан келіп тұрмыз. «Тәртіп қырандары» командасын әкелдім. Құрамында жеті жасақ мүшесі бар. Дайындығымыз тамаша. Бұйырса, жақсы көрсеткішке қол жеткіземіз», — деді атыраулық «Тәртіп қырандары» командасының жетекшісі Ақмарал Дүйсенбаева.
Жас инспекторлардың XXI слеті – білім мен шеберліктің сайысы ғана емес, халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністіктің жарқын көрінісі.
Негізгі жарыстар мен байқаулар Алтынсарин ауданындағы «Орленок» балаларды сауықтыру орталығында өтеді. Қатысушылар үшін спорттық және зияткерлік сайыстар, мәдени-сауықтыру бағдарламасы, экскурсиялар, сондай-ақ ғылыми-практикалық конференция мен полиция қызметкерлері мен педагогтерге арналған семинарлар ұйымдастырылады.
Слёт балалардың жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін арттыруға және жас жол инспекторлары қозғалысын дамытуға бағытталған.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Василий ВАСИЛЬЕВ
