Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудегі келесі кезең – шикізатты барынша терең өңдеп, халықаралық нарықта сұранысқа ие, жоғары қосылған құны бар өнім шығару. Бұл бағыттағы ең ірі әрі стратегиялық маңызы зор жобалардың бірі – «Qostanai Grain Industry» ЖШС-нің астықты терең өңдеу зауыты. Кәсіпорын жылына 415 мың тонна шикізатты өңдеуге қауқарлы болады. Жобаға салынатын инвестиция көлемі – 71 млрд теңге. Зауытта глютен, крахмал, аминқышқылдары және биоэтанол өндірілмек. Өнім ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да бағытталады.
Бұл жобаның ерекшелігі – оның өндірістік тізбектің келесі буынымен жалғасуында. Зауытта өндірілетін биоэтанол тұрақты авиациялық отын өндіруге пайдаланылмақ. Осы мақсатта жылына 57 мың тонна авиациялық отын өндіретін зауыт салу жоспарланған. Мұнда 600 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
«Біздің мақсатымыз – астықты тек шикізат ретінде сатумен шектелмей, одан бірнеше қайтара өңдеу арқылы жоғары қосылған құны бар өнім алу. Терең өңдеу зауыты мен одан кейінгі авиациялық отын өндірісі біртұтас технологиялық тізбек қалыптастырады. Бұл өңірдің өңдеу өнеркәсібін сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтереді», – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Қашақов.
Осылайша, облыста егістіктен алынған астықты терең өңдеуден бастап, жоғары технологиялық авиациялық отын өндіруге дейінгі толық технологиялық цикл қалыптасқалы отыр. Бұл – өңірдің агроөнеркәсіп кешені үшін жаңа кезеңнің басталғанын аңғартады. Алдағы жылдары шикізат базасының кеңеюі, өңдеу қуаттарының артуы және жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішкі нарықтағы үлесін көбейтіп қана қоймай, экспортқа бағытталған өнім көлемін де арттыра түспек.
Бастысы, Қостанай облысы біртіндеп «өндірдім – саттым» деген қарапайым модельден алыстап, шикізатты терең өңдеп, дайын әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаратын өндірістік жүйеге бет бұрып келеді.
Сурет: agrosektor.kz
