Өңдеу саласының келешегі инвестициялық жобалармен тікелей байланысты. 2026–2028 жылдарға арналған инвестициялық жобаларды іске асыру жол картасы аясында облыста 42 жоба жүзеге асырылмақ.
Олардың жалпы құны – 553 млрд теңге. 42-нің ішінде 15 жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына қатысты. Жалпы инвестициялық құны – 386,5 млрд теңге.
«Бірқатар жоба биылдың өзінде іске қосылады. Осы айда «Баян Сұлу» АҚ 14,3 млрд теңгенің «Кондитерлік астана» жобасын пайдалануға бермек. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін өнім өндіру көлемі жылына 52 мың тоннадан 68 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Бұдан бөлек, Лисаков қаласында жылына 174 мың тонна дайын өнім өндіретін май экстракциялау зауыты салынып жатыр. Жобаны «Лисаков май экстракциялау зауыты» ЖШС жүзеге асыру үстінде», – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Қашақов.
Бұл тұрғыда Бейімбет Майлин ауданының да белсенділігі айқын байқалады. Мұнда жылына 580 мың тонна астық және майлы дақылдарды сақтау әрі өңдеу кешені салынуда. Жобаны «Tobol Center KZ» ЖШС қолға алған. Жалпы, осы екі жобаның жиынтық инвестиция көлемі шамамен 50 млрд теңгеге тең.
Сонымен қатар жобалау және дайындық кезеңіндегі ірі бастамалардың қатарында Қостанай қаласында жылына 90 мың тонна макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорын бар. «Кайдзэн» ЖШС жүзеге асыратын бұл жобаның инвестициялық құны – 7 млрд теңге.
