Абай – даналықтың дара жолы

Абай – даналықтың дара жолы

Қазақтың рухани әлемінде Абай есімі – уақыт өткен сайын биіктей түсетін ұлы тұлғаның аты. Оның әрбір сөзі, әрбір өлеңі мен қара сөзі адамды ойлануға, өзін тануға, білімге ұмтылуға, еңбек етуге үндейді.

Жақында Амангелді ауданы әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің “Тілдерді оқыту орталығы” КММ ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының мол мұрасын насихаттауға арналған «Абай – даналықтың дара жолы» атты тағылымды іс-шара өтті. Кештің негізгі мақсаты – ұлы ақынның шығармашылығын кейінгі ұрпаққа таныстыру ғана емес, Абай айтқан адамдық қасиеттерді бүгінгі қоғаммен байланыстыра отырып түсіндіру болды.

Іс-шара барысында Абайдың өмір жолы мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, ақынның ел болашағы, білім, еңбек, адамгершілік туралы ойлары сөз болды.

Меніңше, Абайды тек өткен ғасырдың ақыны деп қабылдау – оның мұрасын толық түсінбеу. Себебі ақынның айтқан мәселелерінің көбі бүгін де өзекті. Білімге немқұрайлы қарау, уақытты бос өткізу, жалқаулық, мақтаншақтық, бір-біріне жала жабу сияқты мінездерден арылу туралы Абай ойлары қазіргі қоғамға да үлкен сабақ береді.

blank

Кеш барысында Абайдың әкесі Құнанбай мен анасы Ұлжанның тәрбиесі, ақынның балалық шағы туралы көрініс қойылды. Құнанбайдың баласына айтқан өсиеті мен Ұлжанның ақ батасы арқылы Абайдың қалыптасуына отбасы тәрбиесінің ықпалы көрсетілді.

«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деген Абай сөзі де ұрпақ тәрбиесінің маңызын айқын аңғартады.

Маған ерекше әсер еткен тұстың бірі – Абайдың бес дұшпаны мен бес асыл ісін бүгінгі өмірмен байланыстыруы болды. Өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақ – ақын сынаған бес дұшпан. Ал талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – адамды биікке жетелейтін асыл қасиеттер.

blank blank

Шара барысында қатысушылар Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақынның шығармаларындағы тәрбиелік мәнге тоқталды. Әсіресе «Ғылым таппай мақтанба», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» секілді шығармалардың орындалуы кештің мазмұнын аша түсті.

Абайдың «Қайрат, ақыл, жүрек» туралы философиялық ойлары да бүгінгі күнмен сабақтастырылды. Ақынның айтуынша, адам бойындағы осы үш қасиет бір-бірімен үйлесім тапқанда ғана толық адам қалыптасады.

blank

Шараның тағы бір әсерлі бөлігі – «Абайдың сөзі – бүгін» атты бөлім. Мұнда ақынның нақылдарын қазіргі өмірдегі түрлі жағдайларға байланыстырып, көрермендерге сұрақтар қойылды. Мысалы, білімсіз адамның дипломға ғана сүйенуі, әлеуметтік желіде өзгеге еліктеу, жұмыстың қиындығынан бас тарту, досының қателігін кешіре білу сияқты мәселелер Абай сөзі арқылы сараланды.

Осы тұста мен бір нәрсеге тағы көз жеткіздім: Абайдың сөзі ескірмейді. Тек оны қазіргі өмірдің тілімен түсіндіре білу керек. Ақын өмір сүрген дәуір мен бүгінгі заманның айырмашылығы көп болғанымен, адам бойындағы жақсы мен жаман қасиеттер өзгерген жоқ.

Кеш соңында Абайдың бес асыл ісі – талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым сахнаға шығарылған оқушылардың қолындағы сөздер арқылы көрсетілді. Бұл – шараның тәрбиелік мәнін арттырған әсерлі көрініс болды.

Абайдың бүкіл шығармашылығының өзегінде бір ғана үлкен мақсат жатыр. Ол – адамды адам ету. Ақынның «толық адам» туралы ойы да осыған саяды.

Бүгінгі ұрпаққа Абай мұрасын таныстыру – өткенді дәріптеу ғана емес, болашаққа дұрыс бағыт көрсету. Себебі білімді, еңбекқор, талапты, мейірімді ұрпақ тәрбиелеу – қай қоғамның да басты міндеті.

Абайды оқу – өлең жаттау ғана емес. Абайды оқу – өзіңе есеп беру, мінезіңе қарау, ойыңды саралау.

«Абай – даналықтың дара жолы» атты іс-шара да көрерменге осындай ой салды. Ұлы ақынның аманаты – оның өлеңдері мен қара сөздерінде ғана емес, әр қазақтың жүрегінде жалғасып келе жатқан адамдық жолында. Кеш соңында, Кеш соңында Тілдерді оқыту орталығының директоры Жансәуле Жанәбілқызы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы сөз сөйлеп, ақынның қазақ әдебиеті мен руханиятындағы орнына тоқталды. Сонымен қатар, кешке қатысқан барлық қатысушыларға алғысын білдірді.

«Абайдың сөзі – халықпен бірге жасайтын мәңгілік сөз. Абайды оқу – өткенді оқу емес, өзіңді тану.»

Абай мұрасы мәңгі жасай берсін!

Ақбаян Теміржанова,

Амангелді ауданы