Дропперлер желісінің жолы кесілді

Дропперлер желісінің жолы кесілді

Қарасу ауданында профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде қылмыс деңгейі 16 %-ке төмендеген. Бұл жайында аудан прокуроры Дәулет Ахметов мәлімдеді.

Жыл басынан бері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп, ведомствоаралық жиналыстар өткізілген. Үш жүзден астам жасты қамтыған форум ұйымдастырылып, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы кеңінен насихатталды. Әсіресе, интернет алаяқтарынан сақтану жолдары баяндалды.

«Аудандық прокуратураның үйлестіруімен бес дропперлік айласының жолы кесілді. Кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, ұрланған қаражаттың қозғалыс бағытын толық анықтау, осы іске қатысы бар барлық тұлғаларды анықтау және жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтету шаралары қолға алынуда», – деп түсінді Дәулет Ахметов.

Құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру және халықты ақпараттандыру науқандарын өткізу нәтижесінде ауданда тіркелген онлайн-алаяқтық деректерінің саны 40%-ға азайды. Мұның өзі жүйелі жүргізілген жұмыстың жемісі.

Аудан прокурорының айтуынша, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қарасу және Октябрь ауылдарында 72 бейнебақылау камерасы, 5 жылдамдық өлшеуіш құрылғы орнатылыпты. Жуырда тағы 20 камераны іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар есепте тұрған тұлғаларды қоғамға қайта бейімдеу ісіне ерекше ден қойылуда. Олардың бәрі тұрақты еңбекпен қамтылыпты. Бақылаудағы азаматтардың қайтадан құқық бұзушылық жасамағаны белгілі болды. Дегенмен, сот белгілеген шектеулер мен міндеттемелерді елемеген үш тұлғаның жазасы қатаңдатылды.

Қ.Мұратбекқызы

Қарасу ауданы