Халық не күтеді, «Ақ жол» не ұсынады?

Халық не күтеді, «Ақ жол» не ұсынады?

«Ақ жол» деморкатиялық партиясынан Қостанай облысы бойынша Құрылтай депутаттығына екі кандидат – Александра Сергазинова мен Махаббат Жутаев ұсынылды. Облыстық мәслихаттың сегізінші шақырылым депутаттары арасынан өңірімізден ұсынылған кандидаттар тізіміне енгізілген тек екеуі ғана. Екі үміткерге сауалдар қойып, ұстанымдарын, қандай мәселелермен етене таныс екенін, партияның атқарған жұмыстары жөнінде білдік.

 Халықты не толғандырады?

– Екеуіңіздің де айналысатын, көтеретін мәселелеріңіз өте ауқымды. Соның ішінде қай сала сіздерге жақынырақ?

Махаббат Жутаев: Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттағы қызметім – әлеуметтік сала және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы. Алайда газ саласында, энергетикада, ауыл шаруашылығында жұмыс істегенмін, сондықтан тәжірибем бар. Барлық жерде бизнесті нөлден бастап тәй-тәй тұрғызып, жобаларыма үлкен жол ашып бердім. Бүгінде оның бәрі менсіз-ақ жұмыс істеп жатыр. Сондықтан кәсіпкерлік мәселелерін жақсы білемін.

«Ақ жол» демократиялық партиясы либералды нарықтық экономиканың жақтаушысы, адал бәсекелестік пен жеке кәсіпкерлікті шектейтін монополияландыруға және мемлекеттің шамадан тыс араласуына қарсы. Осыған байланысты біз Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру туралы Жарлығының толық орындалуын дәйекті түрде талап ететін боламыз. Бұл біздің саяси бағдарламамызда да айтылған.

Қазір нарық еркіндігін шектеуге және мемлекеттік органдардың бақылау функцияларын күшейтуге бағытталған әрекеттер байқалады. Бұл кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуға жағдай туғызады. Сондықтан біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмаларын қолдаймыз. Тексеруші органдардың барлық шараларын Міндетті талаптар тізіліміне енгізіп, олардың Кәсіпкерлік кодекске сәйкестігін қайта қарау қажет.

Өңірлерді дамыту – еліміздің болашағы үшін үлкен маңызға ие. Әр облыстың өзіндік әлеуеті мен мүмкіндіктері бар. Осындай қуатты өңірлер неғұрлым көп болса, бүкіл Қазақстан да соғұрлым мықты болады.

Александра Серғазинова: Мен, ең алдымен, журналист әрі құқық қорғаушымын. Құқықтардың сақталуы мен әділдік – менің өмірлік ұстанымым. Бізде азаматтардың құқықтары бұзылмауға тиіс, ал бизнесте ертеңгі күнге деген сенім болуы керек. Өкінішке қарай, өмір көрсетіп отырғандай, жағдай мүлде бұлай емес.

Әр кәсіпкердің артында ондаған, жүздеген, мыңдаған адам тұр. Олардың сапалы медициналық қызмет алуға, білім алуға, әлеуметтік жеңілдіктерге құқығы бар.

Саяси науқан басталғалы сіздердің халықпен жиі кездесіп жүргендеріңізді көріп отырмыз. Халықты не толғандырады?

Александра Серғазинова: Өкінішке қарай, халықтың саяси өмірден алшақтығы байқалады, әсіресе жастар. Мені осы алаңдатады. Өйткені заңдарды Құрылтай қабылдайды ғой, ал азаматтар сол заңдарды орындап, сақтайды. Бірақ, байқағаным, сайлауға қатысуға, белсенді болуға құлқы жоқ адамдар бар. Мен мұны жұртшылықпен кездесу өткізгенде және әңгімелер барысында түсіндім.

blank

Күнделікті күйбеңмен ғана өмір сүріп, саясатқа қызықпайтын жандар бар. Сөйте тұрып олар медицинадағы қызмет көрсету сапасына, білім саласына сын айтады. «Жағдай нашарлап барады» деп байбалам салуға шебер-ақ.

Жұрттың өтініш-тілегіне құлақ түре отырып, біздің партия Міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорының жұмысын нақты салымшылармен байланыстыруды ұсынып отыр. Әр адамға МӘМС-тегі жеке шотын бекіту қажет. Сол шотқа төлемдер аударылып, инвестициялық табыс есептеліп отырады. Ал одан емделуге жұмсалатын қаражат тек салымшының өзінің келісімімен ғана төленуі мүмкін болады. Сонда адам емхана мен дәрігерді өзі таңдайды, ал сапасыз ем көрсетілген жағдайда мұндай қызметтерге ақы төлеуден бас тарта алады. Бұдан кейін медицина қызметкерлері өз міндеттеріне мұқият қарайтын болады, ал адал жұмыс істейтін медицина мамандары өздерінің ауыр еңбегі үшін лайықты ақы алады. Бұл – нарықтық сақтандыру медицинасы.

Квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарындағы төмен жалақы да өзекті мәселе, өйткені кәсіби мамандар жұмыстан кетіп жатыр. Ауылдарда мал жаятын жайылымдардың жоқтығы – бұл да көпшілікті алаңдататын түйткіл.

Махаббат Жутаев: Халықтың шамадан тыс несие алып, қарызға бату мәселесіне қатысты көптеген сұрақтар болды. Парламент азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты заңдарды осыдан үш жыл бұрын қабылдағанына қарамастан, көпшілік әлі күнге дейін ол заңдарды білмейді.

Сондықтан біздің басты міндеттеріміздің бірі адамдарға құқықтарын түсіндіру болды. 2022 жылы «Ақ жолдың» он жылға жуық уақыт бойы қойған талаптарынан кейін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды. Бірақ сол кезде мемлекеттік органдар біздің негізгі талабымызды – банктер мен коллекторларға адамдардың жалғыз баспанасын тартып алуға тыйым салу талабын айналып өтті.

Жаңа Конституцияда сот шешімінсіз тұрғын үйден шығаруға тыйым салынды. Біз бұл тәсілді қолдаймыз және осы бастаманы соңына дейін жеткізу қажет деп есептейміз, яғни жалғыз тұрғын үйден шығаруға толық тыйым салу керек.

Медицина қызметкерлерімен де көптеген кездесулер болды. Айтпақшы, өзім де бұрын дәрігер болдым, еңбек жолымды медицина саласында бастадым. Мен үшін тек сөз сөйлеу емес, күн сайын азаматтарымыздың ең сезімтал мәселесі – денсаулығына жауапты мамандардың пікірін есту маңызды.

Мұндай жүздесулер халықтың талап-тілегін жақсырақ түсінуге көмектеседі және кез келген реформаның түсінікті, шынайы болуы әрі әр қазақстандықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы керек екеніне тағы бір мәрте көз жеткізеді.

 Айтып қана қоймай, істейміз

– Барлық партияның бағдарламаларында жақсы тармақтар бар. «Ананы біз істедік, мынанын біз шештік» деп жатады. Жетістіктеріңіз туралы айтып берсеңіздер. Мәжілістегі фракцияларыңыз қандай жұмыстар атқарды?

Александра Серғазинова: Нәтижелеріміздің көбірек болғанын қалар едік, бірақ Парламентте біз аз болдық. Жақында болған мысалды алайық: «Ақ жол» – жаңа Салық кодексіне қарсы дауыс берген жалғыз партия. Бірақ ол қабылданды, өйткені кез келген заң көпшілік дауыспен қабылданады.

Нәтижесінде не болды? Жарты жылдан кейін барлық деңгейде бұл кодекстің бизнестің дамуына кері әсер еткені мойындалды. Шағын және орта кәсіпорындар жабыла бастады. Мұны «Қазақстан Халық Банкі» басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова да растады.

Жергілікті деңгейдегі жағдайды еске түсірейік. Қалалық мәслихатта біздің депутаттар қоқыс тарифін заңсыз көтеруге қарсы болды. Олардың қанша күрескенін бәрі біледі. Сотта оның заңсыз екені анықталды.

Бүгінде тариф бұрынғы қалпына келтірілді, ал біздің ақшамызды қайтаруға «Тазалық-2012» асығар емес. Бұл – миллиондаған қаржы. Ал мұның бәрі халықтың үнсіз келісімімен болып жатыр.

Менің ойымша, сыбайлас жемқорлық пен заңсыз әрекеттер аз болуы үшін азаматтық ұстанымды міндетті түрде таныту керек. Ол үшін барып, дауыс беру, өзіңіздің саяси құқығыңызды пайдалану және мәселенің мән-жайын анықтамайынша ешқашан шешім қабылдамайтын партияны таңдау маңызды.

blank

Махаббат Жутаев: 2013 жылы «Ақ жол» Қазақстан капиталдарын Кипрден қайтару мәселесін көтерді. 2014 жылы депутаттық сауалдарға жауап дайындау кезіндегі шенеуніктердің формализм танытқаны үшін оларды жауапкершілікке тартуды талап еттік. Мәжіліс регламентіне депутаттардың мемлекеттік органдардың формалды жауаптарын қабылдамау құқығын енгізуді ұсындық.

Біз алғашқылардың бірі болып өңірлік деңгейде қызметтік автокөлік сатып алудың негіздемесін тексеруді талап еттік. Мемлекет басшысының отандық автокөлік өнеркәсібін қолдау жөніндегі тапсырмаларының еленбейтініне назар аудардық.

Швейцариядан капиталдарды қайтару туралы сауал 2015 жылы депутаттық сауал деңгейінде көтерілді. Бір жылдан кейін «панамалық тізімге» қатысты мән-жайлар бойынша сауал жолданды. 2017 жылы «Жұмақ тізімі» (Paradise Papers) бойынша сауал жібердік.

«Ақ жол» партиясы «Парламенттік оппозиция туралы» заңды қабылдауда үлкен рөл атқарды. Нәтижеге 8 жылдық жұмыстан кейін – 2020 жылы қол жеткізілді.

2022 жылы біздің партиямыздың арқасында жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды. Нәтижеге он жылға жуық уақыт бойы қойылған талаптардан кейін қол жеткізілгенін айтып өткен жөн.

2023 жылы халықтан ұрланған қаражатты қайтару туралы заң қабылданды.

2024 жылы Жер қойнауы кодексіне ірі жер қойнауын пайдаланушылардың ел ішіндегі құндылықты дамыту бағдарламаларын қабылдауына қойылатын талаптар енгізілді.

2025 жылы СНР мөлшерлемесін 4 пайыздан 2-3 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілді.

Дәл «Ақ жол» партиясы Қылмыстық кодекске лауазымдық міндеттерді бөлу негізінде бизнесті ұйымдасқан қылмыстық топ құруға қатысты айыптауға жол бермеу жөніндегі түзетулерді енгізуге қол жеткізді.

Бұл ұстанымды Конституциялық сот та растады, алайда соттар мен құқық қорғау органдары бұрынғы тәжірибесін жалғастырып келеді.

Мұның бәрі – біздің шағын ғана фракциямыз қол жеткізген нәтижелердің шағын тізімі. Ал егер «Ақ жолдан» Құрылтайға депутаттар көбірек келсе, не болар еді? Бұл біздің азаматтарымызға, олардың кімге дауыс беретініне байланысты.

Александра Серғазинова: Бүгінде біз Құрылтайдың жаңа құрамын ғана таңдап жатқан жоқпыз. Біз алдағы жылдары еліміздің дамуы қандай болатынын таңдап жатырмыз.

Сондықтан «Ақ жол» демократиялық партиясының бағдарламасында «Өзгеріс сөзсіз!» деп айтылған.

Болашақ әрқайсымызға байланысты. Оны жақсы жаққа бірге өзгертетінімізге сенімдімін.

Сондықтан сіздерден «Ақ жол» демократиялық партиясын қолдауға шақырамыз.

Рахмет!

Асыл ҚАСЫМ

«Ақ жол» демократиялық партиясы сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Ержан Еркебұланұлы