Бүгін өңірімізге Беларусь Республикасынан алғашқы жас қонақтар — Жол қозғалысының жас инспекторлары келді. Қостанай жері жас өрендерді қазақтың кең пейілді қонақжайлылығымен, ұлттық дәстүрлерімен, ақжарма тілегімен және көтеріңкі көңіл-күйімен қарсы алды.
Слеттің алғашқы күнінен-ақ қонақтарға Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстыруға ерекше көңіл бөлінді. Балалар үшін арнайы кездесу ұйымдастырылып, олар қазақ халқының ұлттық құндылықтарымен, дәстүрімен және мәдениетімен алғашқы таныстығын бастады. Бұл — түрлі елдерден келген жасөспірімдердің бір-бірінің мәдениетін танып, достық қарым-қатынасты нығайтуына жол ашатын ерекше мүмкіндік.
Алда қатысушыларды қызықты бағдарлама, тартысты жарыстар, танымдық кездесулер, жаңа достар мен ұмытылмас әсерлерге толы күндер күтіп тұр. Слет — тек жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша білім мен шеберлікті сынайтын жарыс қана емес, сонымен қатар елдер арасындағы достықты нығайтып, балалардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін маңызды халықаралық алаң.
Қостанай облысы Жол қозғалысының жас инспекторларының XXI слетіне қатысушыларды осылайша қарсы алуға дайын.
Ақ даланың төсіндегі Қостанай меймандарына әрдайым құшағын айқара ашады. 14 тамыз күні сағат 11:00-де облыс әкімдігінің алаңында Жол қозғалысының жас инспекторларының XXI слетінің салтанатты ашылуы өтеді.
