Қазақстанда сайлау қарсаңында сайлау учаскелерінің мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігін тексеру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділік картасына 9 015 сайлау учаскесі енгізілген.
Мониторингті Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және сайлау комиссияларымен бірлесіп жүргізуде. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша 1 333 учаскеде қосымша бейімдеу шараларын қабылдау қажет екені анықталды. Анықталған кедергілерді жою жұмыстары дауыс беру күніне дейін жалғасады.
Сайлау учаскесіндегі қолжетімді орта ғимараттың ішіне кіріп-шығу мүмкіндігімен ғана шектелмейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтың дауыс беретін орынға өз бетінше жетуіне, ғимарат ішінде кедергісіз қозғалуына және қажетті ақпаратты алуына жағдай жасау маңызды.
Нысанның ерекшелігі мен сайлаушылардың қажеттіліктеріне қарай пандустар мен көтергіш құрылғылар, көмек шақыру түймелері, тактильді көрсеткіштер орнатылады. Сондай-ақ есік ойықтарының қажетті ені мен жеткілікті жарықтандырылуы қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, автокөлік қоюға арналған орындардың және көру және есту қабілеті бұзылған азаматтарға арналған арнайы құралдардың болуы ескеріледі.
Ақпараттық қолжетімділікке де ерекше көңіл бөлінеді. Сайлау учаскелерінде Брайль қарпімен әзірленген ақпараттық материалдар пайдаланылуы мүмкін. Қажет болған жағдайда ымдау тілі мамандары мен тифлосурдоаудармашылардың көмегі көрсетіледі.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанда сайлау құқығына ие 325 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың қатарында тірек-қимыл аппараты, көру және есту қабілеті бұзылған, сондай-ақ кресло-арбаны пайдаланатын азаматтар бар.
Дауыс беру күні де қосымша мүмкіндіктер қарастырылған. Жергілікті атқарушы органдар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау учаскелеріне жетуін қамтамасыз ету үшін инватакси қызметінің жұмысын ұйымдастыруы тиіс.
Сайлаушы өз учаскесінің қолжетімділігі туралы ақпаратты алдын ала нақтылап, онда қандай жағдайлар мен арнайы құралдар қарастырылғанын біле алады. Қажет болған жағдайда мүмкіндігі шектеулі азамат өзі таңдаған адамның көмегіне жүгінуге құқылы.
Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар үшін заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғылықты жері бойынша дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған.
Сайлау учаскелерін тексеру жұмыстары жалғасуда. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері әкімдіктермен және сайлау комиссияларымен бірлесіп, қолданыстағы кедергілерді анықтауға және оларды жоюға қатысуда.
Қолжетімділікті қамтамасыз ету жұмыстары дауыс беру күніне дейін күн сайын жүргізіледі. Оның негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басқа сайлаушылармен тең дәрежеде өз бетінше дауыс беруіне және сайлауға қатысу жөніндегі конституциялық құқығын жүзеге асыруына қажетті жағдай жасау.
