Кейбір жағдайларда азаматтар дауыс беру күні өздерінің тіркелген сайлау учаскесіне келе алмауы мүмкін. Осындай жағдайда заңнамада есептен шығару куәлігін алу мүмкіндігі қарастырылған.
Егер сайлаушы дауыс беру күні тіркелген жерінде болмайтынын алдын ала білсе, ол жеке басын куәландыратын құжатпен өзінің учаскелік сайлау комиссиясына жүгініп, есептен шығару куәлігін ала алады.
Бұл құжат азаматқа Қазақстан Республикасының кез келген өңіріндегі сайлау учаскесінде дауыс беру құқығын береді. Осылайша, іссапарда немесе басқа елді мекенде жүрген азаматтар да өздерінің сайлау құқығын толық пайдалана алады.
Сонымен бірге заңнамада белгілі бір шектеулер де көзделген. Атап айтқанда, бір елді мекеннің шегінде есептен шығару куәлігі берілмейді. Бұл талап сайлаушылар есебінің дұрыстығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сайлау органдары азаматтарға дауыс беру күніне дейін өз жоспарларын ескеріп, қажет болған жағдайда есептен шығару куәлігін алдын ала рәсімдеуге кеңес береді. Бұл әрбір сайлаушының өз таңдауын жасауына мүмкіндік береді.
