Қостанай облысында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында халықтың экологиялық мәдениетін арттыру және табиғатты қорғау, аумақтың тазалығын сақтау шаралары жалғасуда. Осы мақсатта арнай мобильді топтар құрылып, абаттандыру қағидаларының сақталуын қадағалауда. Алайда нәтиже көңіл көншітпей отыр.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аймаққа қарасты аудан, қала әкімдерімен Zoom режимінде байланысқа шығып, мәжіліс құрды. Елді мекендерде тазалық талаптарының сақталуына мән беріп, экологиялық бағдарламаның жүзеге асу екпініне ден қойды.

«Биылғы жылдың көктемінде облыс әкімі аппаратының қызметкерлеріне өңірге қарасты әр елді мекенді аралап, абаттандыру қағидаларын бұзу фактілерін анықтау туралы тапсырма бердім. Бастаманың қорытындысында әр ауыл бойынша фотоальбом жасалды. Апатты жағдайдағы ғимараттар, иесіз қалған үйлер, жылдар бойы тоң болып жиналған үйінділер, бәрі құжатқа түсті. Шамамен 14 мың бұзушылық анықталғаны туралы дерек жинақталды. Бүгінде соның жартысы ғана шешімін тапқан. Қалғаны сол күйі тұр. Әсіресе, Қарабалық, Сарыкөл, Б.Майлин аудандарында тазалық талаптарының өрескел бұзылғаны байқалды», – деді Құмар Іргебайұлы алғы сөзінде.
Мобильді топтар әр ауылды, аудан мен қалаларды аралап, санитарлық және экологиялық талаптарды бұзудың мыңдаған дерегін анықтапты.

Тексерістен соң жергілікті атқарушы органдарға нақты міндеттер жүктелген. Ескертулерден қандай қорытынды шығарғаны жөнінде бірқатар аудан әкімдері облыс басшысына есеп берді. Алдымен Меңдіқара ауданының әкімі Ғабит Бекбаев сөз алды.
«Меңдіқара ауданы бойынша анықталған 357 мәселенің 224-і немесе 63%-і шешілді. Қазіргі уақытта қосымша 54 мәселе бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ұзақ уақытты талап ететін жұмыстар да бар. Мәселен, қараусыз қалған 75 ғимарат бойынша иелік ету және рұқсат беру құжаттарын ресімдеу жұмыстары тұр. Сондай-ақ төрт нысанды бұзу үшін жобалық-құнды құжаттаманы әзірлеу қажет», – деді ол.
Меңдіқарада ауыл шаруашылық тауарын өндірушілердің қаражаты есебінен биыл 21 иесіз үйді сүру жоспарланыпты. Қазірдің өзінде кейпі қашқан 18 нысан бұзылып, орны қауіпсіз аумаққа айналды.
«Елді мекендерде қоршаулар мен жарықтандыру жүйелерін орнату жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен жасалған меморандумдар аясында биыл екі елді мекенде жалпы ұзындығы 280 метр болатын қоршаулар орнатылды. Введен және Михайлов ауылдарында қоршаулар жаңартылуда. Қасқат және Первомай ауылдарында осы мазмұндас жұмыстар жүргізілмек», – деген Меңдіқара ауданының әкімі жыл басынан бері атқарылған шаруаларды тізбектей жөнелді.
Тұрғындарды тазалықты сақтауға жұмылдыру мақсатында түсіндіру жұмыстарының ұйымдастырылғанын да айтты. Спутниктен бақылау нәтижесінде Степанов ауылынан рұқсат етілмеген екі қоқыс алаңы анықталыпты. Әкімнің айтуынша, екі үйінді де қысқа мерзімде жойылған.
Денисов ауданының әкімі Руслан Қатпаев мониторинг арқылы абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша 887 дерек анықталғанын мәлімдеді. Соның 584-і немесе 65,8%-і шешімін тауыпты. Жергілікті атқарушы орган Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 505-бабына сәйкес, 219 ескерту жасап, 8 айыппұл салған.
«Анықталған бұзушылықтардың басым бөлігі қоқыс пен құрылыс материалдарын шашып кету сияқты қарапайым мәселелерден басталады. Тозығы жеткен және қараусыз қалған ғимараттар да айналаға қауіпті. Қоғамдық инфрақұрылымның жекелеген элементтеріне қатысты мәселелер де кездесті»,-деді Руслан Қатпаев.
Аудан әкімі әрі қарай ауылдарда жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Абаттандыру талаптарын сақтамау деректері көбінесе аудан орталығы – Денисов ауылында тіркеліпті. Одан кейін Покров, Аршалы ауылдары.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Денисов ауданында шешімін тапқан жұмыстардың тек 32 пайызының ғана қабылданатынын жеткізді. Себебі кейбір ескертулер толық шешімін таппаған.
«Ұзақ жыл көңге айналған үйінділерді көріп жүрміз. Қазір қора-қопсының маңайына қоқыс жинайтын заман емес. Уақытында тазалап отыру қажет. Бұрынғыдай жылына бір рет қоқыс шығару деген түсініктен арылатын күн туды. Қазір айына бір рет айналаны жинастырған жөн. Тазалық жұмыстарына көпшілікті жұмылдыру керек. Ауылдардағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде техникалар жеткілікті. Сондықтан қоқыс шығару ісінде қиындық тумайды деген ойдамын. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бәрімізге ортақ жауапкершілік», – деді облыс әкімі.

Келесі баяндамашы Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев абаттандыру, ағаш отырғызу және елді мекендерді көркейту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын еске салды.
«Биылғы мамыр айында облыстық әкімдік өкілдері ауданымызға қарасты ауылдық округтерді аралап, жай-күйін фотосуретке түсіріп алды. 26 маусымда қайта келіп, Мәскеу, Озерный, Александров, Владимиров, Заречный, Октябрь, Мичурин ауылдарындағы ахуалды тағы бір мәрте шолып шықты. Тексеріс барысында бірқатар тапсырмалар жүктелді. Әр округ бойынша нақты міндет белгіленіп, соның басым бөлігі шешімін тапты. Қалғаны бойынша жауапты тұлғалар бекітіліп, орындау мерзімдері айқындалды», – деді ол.
Қостанай ауданы бойынша көңіл бөлуді қажет ететін 426 нысан анықталған. Бүгінде 388 нысанда, яғни 91%-да бұзушылықтар жойылыпты. Олжас Нұрғалиевтің айтуынша, елді мекендерде абаттандыру ісін жандандыруда жаңа әдіс қолданылуда. Ерекше үлгі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға негізделген. Жоба шеңберінде ауылдарды абаттандыру қаржысының 25-30%-ін бюджет, 70-75%-ін ауылшаруашылық тауарын өндірушілер қамтамасыз етеді. Аталған бастама аясында биыл Айсары, Александров, И.Ф.Павлов атындағы ауыл, Жуков, Сергеев, Белозер, Озерный, Садчиков, Мәскеу, Шеминов, Васильев, Семилетка, Октябрь және Садовой ауылдарында 19 жоба жүзеге асуда. Игі істің арқасында ауыл-аймақ ажарланып, ырыс-берекесі молаюда. Облыс әкімі Қостанай ауданындағы дәл осы жобаны басқа өңірлерде белсенді іске асыруды ұсынды.
Әулиекөл ауданының әкімі Жансұлтан Тәукенов анықталған ескертулерді жою жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Бүгінгі таңда 88% шешіліпті. Қалғанын тамыз, қыркүйек айларының соңына дейін жою жоспарланып отыр.
«Тимофеев, Диев, Новоселов, Москалев және Сұлукөл ауылдық округтері кемшіліктерді жою жөніндегі жұмыстарды толығымен аяқтады. Аманқарағай, Новонежин және Чернигов ауылдық округтері, сондай-ақ Первомай ауылы жұмыстарды 90%-дан аса орындады. Төрт ауылдық округте анықталған мәселелердің 90%-дан азы жойылды»,-деді Жансұлтан Тәукенов.
Сондай-ақ көгалдандыру және күтіп-ұстау ережелерінің сақталуына бас мән берілгенін де еске салды. Ауылдық жерлер тиісті санитарлық және эстетикалық жағдайға сәйкестендіру ісінде ілгерілеушілік барын деректермен жеткізді.
Төрт аудан әкімінің баяндамасын тыңдаған облыс басшысы сылдыр сөзден гөрі нақты іске көшу қажеттігін баса айтты. Ақиқат пен есептің арасында алшақтық барын жасырмады.
«Бір де бір дерек назардан тыс қалмайды. Көктемде анықталған бұзушылықтар міндетті түрде бақылауда болады, қадағаланады. Әр іс сапалы орындалуы керек. Аудан әкімдері әр деректі өзі тексеріп, оның сапалы орындалуын бақылауға алсын. Кейбір аудандарда бұзушылықтар анықталғанымен мүлде ескерту жасалмайтынын байқадық. Бұл қалай? Мобильді топтар жұмысының нәтижесі неге төмен? Абаттандыру қағидаларын бұзу деректері бойынша жұмысты 1-қарашаға дейін аяқтауды тапсырамын», – деді облыс әкімі.

Қоршаған ортаның тазалығын сақтауға қарапайым тұрғындардан бастап қуатты бизнес иелеріне дейін жұмыла кіріскені тиімді екені даусыз. Тәртіпке бағыну, тазалықты ескеру бәрімізге ортақ міндет. Бірлесе атқарған жұмыс әлдеқайда нәтижелі.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
