Әзірлік жұмыстары мектептер мен балабақшалардың сыртынан бастап ішін, сынып бөлмелерін қамтыды. Нысандардың санитарлық нормаларға сәйкес келуі, өрт қауіпсіздігі техникасының сақталуы, қылмыстық және терроризм сипатындағы сын-қатерге төтеп беру талаптарының орындалуына баса мән берілуде.

«Ауданда сапалы және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Биыл бірден бірнеше нысанға жөндеу жасалды. Кіреберістерін, шатырын жаңартып, спорт залдардың төбесін бітедік. Құбырларын, сымдарын ауыстырдық. Дәретхана бөлмелерін талапқа сәйкестендірдік. Жазғы маусымда екі білім беру мекемесінде жалпы сомасы 9 миллион теңге болатын жөндеу жұмыстары аяқталды. Тағы бір 1 нысанында 19,8 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қосымша 6 білім беру ұйымында 17,7 млн. теңгеге жөндеу жоспарланды», — деп түсіндірді аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Циммер.
Бөлім басшысы мектептердің ішкі-сыртқы жәй-күйінен бөлек, материалдық-техникалық базасы нығайтылып жатқанын айтты. Нысандардың қауіпсіздік жүйесін күшейтуге 130,3 млн теңге бағытталыпты. Одан бөлек автоматтандырылған өрт дабылдары толық жаңартылды. Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте жаңадан физика кабинеті жасақталыпты.
«Қазірдің өзінде 18 мектепте дабыл түймелері орнатылды. Қондырғылар аудандық полиция қызметінің кезекші бөлімшесіне тікелей қосылған. 12 мектепке өткізу турникеті қойылды. Бейнебақылау жабдықтары арқылы оқушылар мен мектепке дейінгі тәрбиеленушілерді белсенді қорғау жүргізіледі. Барлық білім беру ұйымдарында 610 камера жұмыс істейді. Оның 443-і ішке, 167-сі сыртқа бекітілген», — деп нақтылады Светлана Циммер.
Алдағы жылу беру маусымына қажетті отын-судың қорын жинап қою оқу процесіне әзірлік шараларының бір бөлігі болып есептеледі. Сол себепті Қарасу ауданының мектептері қыстың қамын жазда ойластырып қойған. Бүгінде 21 мектепті жылумен қамтамасыз ету үшін 7 345 тонна көмір сатып алынды. Осылайша мектептер қысқа 100 пайыз дайын. Үш мектептің ғимаратын арнайы коммуналдық кәсіпорын жылытады.

Қазір аудандағы барлық білім ұйымдарында ғимараттардың дайындық деңгейі пысықталуда. Сынып бөлмелері мен демалыс аймақтары толық жөндеуден өтіпті. Аудандық білім бөлімінің басшылығы жөндеу жұмыстары жүргізілген нысандарды аралап шығып, жағдайды жіті қадағалауда. Спорт залдар мен даладағы стадиондарда жабдықтардың беріктігін, мығым бекітілгенін тексерді. Турникеттерді, ішкі-сыртқы бейнебақылау камераларын түгендеді. Білім ошақтарын қажетті кадрмен қамту ісі де жалғасуда.
«Өкінішке қарай, кадр мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Біздегі білім беру ұйымдарында 525 педагог еңбек етеді. Соған қарамастан маман тапшылығы анық сезілуде. Әсіресе, математика, қазақ тілі, ағылшын тілі пәндерінен, физика, орыс тілі мен тарих, қосымша білім беру педагогтары ауадай қажет. Сондықтан жас мамандарды тарту ісі кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Қауіпсіздік қызметтерін барынша ұйымдастырып, әр бала үшін жаңа оқу жылының сапалы басталуын қамтамасыз етуді негізгі міндетімізге санаймыз», — деді ол.
Білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын тексеру шаралары 18 тамызға дейін жалғаспақ.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Қарасу ауданы
