Тобыл-Торғай өңірінде «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен облыс әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлтты қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын жүзеге асыру аясында қолға алынып отыр.
Құжатқа қоғамдық қордың төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков пен Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қол қойды.

Айта кетейік, Қостанай облысы «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» пилоттық жобасын алғашқылардың бірі болып қабылдап, сәтті жүзеге асырған өңірлердің бірі. Енді бұл оң тәжірибе бүкіл республика бойынша ауқымды деңгейде жалғасын табады.
Қор төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, Қостанай облысының көрсеткіштері жобаның жетілуіне тікелей әсер етті.

«Қостанай облысы өте белсенділік танытты. Біз осы өңірдің тәжірибесіне сүйене отырып, жобаның регламентін өзгертіп, оны жетілдірдік. Мәселен, дебат форматын алып тастап, оның орнына квиз ойындарын енгіздік. Тестілеу жүйесі де біраз өзгерді, мұның өзін Қостанай облысының озық тәжірибесі деуге болады. Меморандумға қол қойылғаннан кейін арнайы жобалық офис құрылады. Офис сегіз адамнан тұрады. Өздеріңіз естігендеріңіздей, былтыр облыс халқының 7 пайызы қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 10 пайыздан асады деп санаймыз. Меморандумға қол қойылған соң ұйымдастыру жұмыстары ресми түрде басталды деген сөз», – деп атап өтті қор төрағасы.
Оның айтуынша, биылғы маусымда кітап тізімі айтарлықтай кеңейтілген. Егер былтыр алты бағыт болса, биыл «Кітап оқитын интеллектуал» атты жаңа бағыт қосылды.

Қазіргі таңда қазақ және орыс тілдерінде барлығы 330-дан астам кітапты қамтитын бірыңғай тізім жасақталған.
Меморандум аясында арнайы жобалық офис құрылады. Ол облыс тұрғындарын кітап оқу процесіне тарту жұмыстарын үйлестіреді.

«Былтыр облыс тұрғындарының 7 пайызы қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 10 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. 1 қыркүйектен бастап онлайн тіркеу басталды. Жоба тек білім беру мекемелерімен шектелмейді, сонымен қатар Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, «Заң мен тәртіп» қағидаттары аясында да кітап оқу мәдениетін насихаттайтын боламыз», – деп толықтырды Бақытжан Тұрлыбеков.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өткен кезеңде өңірде 55 мыңнан астам адам – студенттер, педагогтар мен мемлекеттік қызметкерлер жобаға белсенді қатысқанын тілге тиек етті.
Жобаның басты мақсаты – ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыру, рухани құндылықтарды нығайту және азаматтардың сапалы әдебиетке қолжетімділігін қамтамасыз ету. Енді бұл бастама еліміздің барлық облысында кең көлемде жүргізілетін болады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
