Еріктілік – елге құрмет 

Еріктілік – елге құрмет 

Денисов ауданында жыл сайынғы ерікілер слеті өтті. Ауданға қарасты барлық ауылдық округтерден жиналған алпысқа жуық жас екі күн бойы тәжірибе алмасты.

Белсенділер 30-31 шілде аралығында «Солнечный» лагерінде басқосқан болатын. Олардың арасында тәжірибелі еріктілермен қатар игі іске алғаш қадам басқан қыз-жігіттер кезікті. Кезекті слет жас буынның санасына қамқорлық, қайырымдылық ұғымдарының дәнегін сепкені сөзсіз. Себебі бұл алаңда еріктілер қызметі дәріптелді.

Қатысушылар үшін ортақ іске топтаса кірісу, ұйымшыл болуды үйрететін бағдарлама әзірленді. Жастар әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырудың жолдарын меңгеріп, қосымша білім алды.

blank blank blank

Іс-шараның салтанатты ашылуында Денисов ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Надежда Кищук сөз сөйлеп, жастар қозғалысының маңызына тоқталды. Әрі қарай «Қостанай жастары» ҚҚ-ның мамандары ерікті болуды үйрететін тренинг өткізді. Жаңа идеяларды іске асырудың жолдарын түсіндіріп, еріктілік ермек емес, ерлік екенін ұғындырды. Ауылда еріктілер қозғалысын құруға арналған шеберлік-сыныптары ұйымдастырылды.

Слет барысында «Миссия добра» еріктілер жобасының байқауы қорытындыланды. Нәтижесінде ең үздік бастама иесіне 50 мың теңге мөлшерінде шағын грант берілді. Жүлдені Окраин ауылының Приречен жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Жасмин Квинт пен Таир Жангабулво жеңіп алды.

«Біздің жобамыз «Игілік эстафетасы» деп аталады. Оның негізгі идеясы – бес елді мекенге барып еріктілік бастамасын іске асыру. Жоба шеңберінде еріктілер қарияларға қолғанат болып, қоғамдық орындарды жинауға, мектепке, кітапханаға көмектесіп, жануарлар мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық акциялар ұйымдастырады. Осылайша еріктілік пен өзара көмек мәдениетін қалыптастырамыз. Жастарды пайдалы іске жұмылдыруға ықпал етеміз», – деді Жасмин.

«Мен үшін бұл жеңіс – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Ол біздің идеяларымыздың маңызды екенін және қолдау таба алатынын көрсетеді. Мені алға ұмтылуға, еріктілік қызметін жалғастыруға және жаңа жобаларды қолға алуға шабыт берді. Бұған дейін гранттар берілетін форумдарға қатысып, жеңімпаз атанғанмын. Еріктілер слеті тың мүмкіндіктер ашып, тәжірибе алмасуға, жаңа білім жинақтауға мүмкіндік берді», – деп өз пікірін ортаға салды.

Ұйымдастырушылар слет кезіне құқықтық қауіпсіздікке ден қойды. Қатысушылар «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде өз құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғау жолдары жайлы пікір алмасты. №8 өрт сөндіру бөлімі жедел көмек көрсету кезіндегі еріктілердің қызметі туралы мағлұмат берді.

blank blank

Слет бағдарламасында командалық ойындар, көңілашар іс-шаралар, спорттық сайыстар да ескерілген болатын. Соңы би кешіне ұласты.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Денисов ауданы