Қарасу ауданында  балаларға арналған спорттық ойын алаңы ашылды

Қарасу ауданында  балаларға арналған спорттық ойын алаңы ашылды

Бұл жаңалық Павлов ауылының балалары үшін көптен күткен қуаныш. Себебі балақайлар қаладағыдай әдемі ойын алаңында асыр салуды армандайтын.

Ауыл әкімдігі кішкентай тұрғындардың тілегін құп алып, үнемделген қаржыға бос тұрған жерді абаттандырды. Түлі-түсті карусельдер, сырғанақтар, әткеншектер орнатып, маңайын тап-тұйнақтай етіп жинады. Қара жердің топырағын тегістеп, жұмсақ тартан төсенішін төседі. Иілгіш материал балғындардың қауіпсіздігі үшін қажет. Сүріне қалса жарақаттан сақтайды. Алаңқайдың бір шетіне спорттық тренажорлар қойылған. Ол жерде ересектердің жаттығуына болады. Бел жазып демаламын деушілерге орындықтар тізіліп тұр. Қазіргі кейпі көрген жанның жанарын жаулайды.  Қысқасы шынығу үшін, тынығу үшін таптырмас орын.

blank blank

Талапқа сай абаттандырылған алаңқайдың ресми ашылу рәсімі де өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Оспанов арнайы қатысып, жобаның тиімділігін баса айтты.

«Мұндай нысандардың салынуы ауылдық елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытады. Жаңа ойын алаңы бүлдіршіндердің сүйікті демалыс орнына айналып, бақытты сәттерге толы мекенге айналады деп сенемін. Алдағы уақытта Қарасу ауданының әрбір елді мекенінде заманауи қоғамдық кеңістіктердің, балалар және спорттық алаңдардың салынуына ерекше көңіл бөлетін боламыз. Өйткені әр баланың жан-жақты дамуына, демалыс уақытын белсенді, тиімді өткізуіне, құрдастарымен еркін араласуына қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау – баршамызға ортақ міндет», – деді аудан әкімі.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті түсірген – Мариям ТЛЕМІСОВА.

Қарасу ауданы