Полицейлер азаматтың өмірін аман алып қалды Фото: e-history.kz

Полицейлер азаматтың өмірін аман алып қалды

Амангелді ауданында полиция қызметкерлері жоғалып кеткен тұрғынды дер кезінде тауып, оның өмірін сақтап қалды. Мал іздеуге шығып, аттан құлаған 49 жастағы ер адам екі тәулікке жуық ашық далада қозғала алмай жатқан.

Оқиға 26 шілдеге қараған түні тіркелді. «102» жедел арнасына аудан тұрғынының жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Туыстарының айтуынша, ер адам мал іздеуге шығып, белгіленген уақытта үйіне оралмаған. Хабарлама түскен бойда Амангелді аудандық полиция бөлімінің бес қызметкерінен құралған жедел іздестіру тобы құрылып, жоғалған азамат болуы мүмкін барлық бағыттар бойынша іздеу жұмыстары басталды. Түнгі уақытқа қарамастан тәртіп сақшылары дала жолдарын, жайылымдарды және ықтимал бағыттарды жіті тексерді.

Таңғы сағат шамамен 05:00-де іздеу нәтижесін берді. Полицейлер жоғалған азаматты Үштоғай ауылынан шамамен 60 шақырым жердегі ашық дала аумағынан тірі тапты. Анықталғандай, ер адам аттан құлап, бірнеше қабырғасын сындырған және түрлі дене жарақаттарын алған. Жарақат салдарынан өздігінен қозғала алмай қалған. Оның жанында ұялы телефоны болмағандықтан, көмек шақыруға мүмкіндігі болмаған. Сөйтіп ол екі тәулікке жуық ашық далада жатқан.

Полиция қызметкерлері оқиға орнында зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырды. Кейін ол дәрігерлердің бақылауына тапсырылып, ауруханаға жеткізілді. Тәртіп сақшыларының жеделдігі, кәсіби шеберлігі мен үйлесімді әрекетінің арқасында азаматтың өмірі аман қалды.

Осыған байланысты полиция азаматтарды алыс жолға, мал іздеуге немесе далаға шығар кезде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Мамандардың айтуынша, өзіңізбен бірге міндетті түрде байланыс құралын алып жүру, жақындарыңызға баратын бағытыңыз бен қайту уақытын алдын ала хабарлау – төтенше жағдайда адам өмірін сақтап қалуға сеп болатын қарапайым, бірақ маңызды сақтық шаралары.

Айтолқын ӘБДІЛДА